ТҮРКІСТАНДАҒЫ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА ШАХМАТТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Түркістандағы «Оқушылар сарайында» Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай шахматтан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Жарыс ұйымдастырушылары – «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО» клубы, «KMF» микроқаржы ұйымының Түркістан қаласы бойынша филиалы және Түркістан қалалық шахмат федерациясы.
Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова шахмат ойынының балаларды дамыту тұрғысындағы маңызды тұстарын атап өтті.
Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Шахмат – логикалық ой-өрісті дамытатын, әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Онымен айналысатын кез келген адам әр қадамын аңдап, есеппен басуға дағдыланады. Демек, бұл спорт біздің бүлдіршіндеріміздің де жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан, осындай ауқымды турнир ұйымдастырып, дарынды балалардың басын қосып отырмыз. Қазір елімізден әлемді бағындырып жүрген Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева сынды шахмат шеберлері көптеп шығып жатыр. Осындағы балалардың арасынан да чемпиондар шығады деп ойлаймын, – деді Индира Икапова.
Атап өтсек, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы турнирге Алматы, Шымкент, Түркістан, Арыс, Жезқазған, Тараз, Кентау қалалары мен Түркістан, Ұлытау облыстары және Сауран ауданынан келген 150-ден астам оқушы қатысты.
Турнир жеңімпаздары арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, сайысқа қатысушылар мен жетекшілерге алғыс хаттар табысталды.