ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауданды, облысты дамыту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды.
Облыс әкімінің бәйдібектіктермен былтырғы кездесуінде маңызды ұсыныстар беріліп, бірқатары орындалған болатын. Атап айтсақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 220 млн. теңге бөлініп, Жамбыл елді мекеніндегі 18 шақырымды құрайтын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жамбыл-Шаян» және «Бірлік-Сарқырама-Шалдар» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысандар толық пайдалануға берілді.
Боралдай және Жоғарғы Боралдай елді мекендерінде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілген.
Шаян ауылындағы кітапхананың құрылысына және Бәйдібек ата, Ағыбет елді мекендерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысына қаржылары бөлінді. Алмалы елді мекеніндегі тозған электр бағаналары ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары қазан айында жүргізілді. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Жолғабас елді мекеніндегі мектепке қосымша ғимараттың құрылысы және Ағыбет елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел өтініші орындалған.
– Жалпы, сіздер көтерген барлық сұрақтар біртіндеп өз шешімін табуда.
Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт қажет. Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, Бәйдібек ауданында өнеркәсіп пен инвестиция көлемін арттыру керек. Аудан басшысы осы бағытта жұмысты жандандыруы тиіс. Оған мүмкіндік бар. Облыс тарапынан қолдау болады. Мен негізі Бәйдібек ауданына жиі келіп тұрамын. Бұл жақтан елге танымал тұлғалар шыққан. Тұрғындары өте қабілетті. Ауданның әлеуеті зор деп есептеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде тұрғындар екі мектепті күрделі жөндеуден өткізу, газ тарту, жол салу және өзге де мәселелерді қозғады. Бұл түйткілдер шешілетін болды. Облыс әкімінің жеке қабылдауындағы мәселелер де назарға алынды.
Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, қазіргі таңда 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Бәйдібек ауданы бойынша былтыр 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 200 адам жұмыспен қамтылған.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылында 300 орындық
1 жаңа мектептің кұрылысы жүреді. Шақпақ елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы қаралды.
Аудандағы 51 елді мекеннің 43 елді мекені (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. 16 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 4,7 млрд. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін 4 елді мекенде құрылыс жұмыстарын аяқтап, газға қосу көзделіп отыр.
Былтыр Бәйдібекте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 21,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 7,1 млрд. теңгеге артты.
Алдағы екі жылда жалпы құны 6,4 млрд. теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 35,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.