ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰЖАТЫ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАНАДЫ
Шымкентте мамандандырылған білім беру ұйымдарына дарынды балалардың құжаттарын онлайн — тіркеу және қабылдау 2023 жылғы 1 ақпан мен 15 сәуір аралығында тіркелу және құжаттар қабылдау сілтемесі бойынша өтеді.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының қызметкерлері мәлімдеді.
Қазіргі таңда қалада 6 мамандандырылған білім беру ұйымы бар. Атап айтқанда, Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты, №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты, №90 Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия, «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты, «Білім-Инновация» қыз балаларға арналған №2 лицей-интернаты.
Аталған білім ошақтарына қабылдау 5, 6, 7, 10 сыныптарда жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Мың бала» ауыл мектептеріне арналған Ұлттық зияткерлік республикалық олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанған 5-6 сыныпта оқитын ауыл оқушылары конкурссыз 10%-дық квотамен қабылданады.
Айтып кетейік, былтыр 2021-2022 оқу жылына қалалық мамандандырылған мектептерге конкурстық іріктеуге қатысуға 5013 оқушы өтінім берген. Оқуға 376-сы қабылданған. Ал биыл жоспар бойынша 426 оқушы қабылданбақшы.
«Шымкент келбеті»