ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН РЕНОВАЦИЯЛАУ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛУДА
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша арнайы жиын өткізді. Онда қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева бағдарламаның ережесімен таныстырды.
Тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қала басшысы жауаптыларға реновация бағдарламасының ережесін қайта қарауды және инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, тиімді ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі.