ТҮРКІСТАН: 2500-ГЕ ЖУЫҚ ОҚУШЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ЖАТТЫҒАДЫ
Түркістандық оқушылар облыстың мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы және жекпе-жек спортының чемпиондарымен кездесті. Облыс орталығындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Назерке Исмаил, білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, облыстық Жауынгерлік өнер қауымдастығы басшысының орынбасары Жандос Керімбеков арнайы қатысты.
Пара жеңіл атлетикадан ҚР чемпионы саурандық Шахрух Санвар жетістігі туралы сөз етті. Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының сайыпқыраны республикалық додаларда Түркістан облысының, әлем чемпионаттарында еліміздің атын шығарып жүргенін атап өтті.
Әмбебап жекпе-жектен Әлем кубогінің 2 дүркін чемпионы түркістандық Муслим Асадиллаұлы жетістікке жетуіне отбасы мүшелерінің қолдауынан бөлек бапкері Болат Ибрагимов пен Талғат Мақажановтың еңбегі орасан екендігін айтты. «Әлемнің үздік техникалық жауынгері» арыстық Аяжан Ергентай спорт әлеміне келуіне әкесі Ерзаттың себепші болғанын тілге тиек етіп, әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы атанғанын мақтанышпен жеткізді.
«Киелі шаһарда 50 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасында білім алып жатса, оның ішінде 2456 оқушы қосымша қаламыздағы 5 бірдей балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі спорт үйірмелеріне қатысуда. Расында мықты спортшыларды үлгі тұтып, спортпен айналысуды мықтап қолға алған оқушылар үшін бүгінгі жүздесудің орны ерекше. Еліміздің атын дүние жүзіне паш етіп жүрген спортшыларымызға әрдайым сәттілік тілейміз. Барлық спортшы оқушыларға кездесуге келген аға-әпкелері сияқты чемпион болуларына тілектеспін», деді қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.
Кездесудің негізгі бөлігінде спортқа жаны құмар оқушылар чемпиондардың ақыл-кеңестеріне қанықты. Спорт басқармасының өкілі Назерке Оңғарбекқызының айтуынша, чемпион болу оңай емес, оны сақтап тұру одан да қиын. Сондықтан оқушыларға күллі әлемді мойындатқан чемпион болу үшін қажырлы еңбек керек.