Мектептерде бейнекамералар санын арттыру қажет – Әлихан Смайылов

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Петропавлдағы мектепте болған жағдайға тоқталып, елдегі оқу нысандарында қауіпсіздікті күшейту керектігін тапсырды.

«Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол оқыс жағдай қайталанбас үшін мектептерде бейнекамералар санын арттырып, қауіпсіздікті барынша күшейту керектігін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін нақты білуі тиіс», — деді үкімет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 13-де Петропавлдағы орта мектептердің бірінде жантүршігерлік жағдай болған еді. 9-шы сынып оқушысы балтамен үш баланы майып қылды. Олардың екеуі ауруханадаем қабылдап жатыр.

дереккөз: Экспресс К.