ШЫМКЕНТТЕ АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ АНАСЫ МЕН ҚЫЗЫН ҚАҒЫП КЕТТІ

Шымкентте автобус жүргізушісі анасы мен қызын жаяу жүргіншілер жолағында қағып кетті.

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқарма мәліметінше, аталған оқиға 10 ақпан күні сағат 09:30-да болған.

“№37 маршрут бойынша автобус жүргізушісі рұқсат етілген жылдамдықпен жүре отырып, Уәлиханов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде автобустың сол жақ бүйір бөлігімен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Орын алған жағдайдан кейін анасы мен қызы жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта медициналық қорытындыға сәйкес, денсаулығына жеңіл зиян келтірілгені анықталды”, — делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Жүргізушінің айтуынша, ол жаяу жүргіншіні байқап, шұғыл тежеуді басқан. Алайда жердің мұз-тайғақ болу себебінен автобус тоқтай алмаған көрінеді.