ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ
Шымкент қаласында 20 ақпан – 3 наурыз аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың I-ші легі бойынша өтінім беру басталады.
Өтінім қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
— Порталда тіркелу;
— грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
— порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды);
— өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
— еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
— қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
— өңіраралық қоныс аударушылар
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
— асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.