МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді. Қала әкімінің қабылдауына 200-ден астам азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Тұрғындар кездесу барысында тұрғын үй, жер кезегі сияқты түрлі әлеуметтік және инфрақұрылым мәселелеріне қатысты талап-тілектерін жеткізді. Әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдерімен қатар қаланың прокуратура, полиция өкілдері тұрғындардың түрлі өтініштерін тыңдады.
Қала басшысы халықтың талап-тілектерін жіті зерделей келе бірқатарын қабылдау кезінде орындады. Сондай-ақ, азаматтар тарапынан түскен өтініштердің барлығы да заң аясында шешілетінін жеткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Қабылдауға келген тұрғындарға түрлі салаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары туралы тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, бірыңғай қабылдауға egov.kz, e-otinish порталдары арқылы жазылуға болады.