ДАРХАН САТЫБАЛДЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУДІ ҰСЫНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуінде маңызды мәселелер көтерілді. Тұрғындар еркін пікір алмасып, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Сауалдарын ашық қоюға мүмкіндік алды.
Түркістандықтар жолдардың сапасын жақсарту, жөндеу, қоғамдық көлік бағытын реттеу, көшелерге тас, асфальт төсеу, көпір салу, тұрғын үй, сыбайлас жемқорлықпен күрес, және тағы басқа мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, тұрғындардың бірі өзі тұратын аймақта балалар ойын алаңшасын салу жөнінде өтініш айтты. Облыс әкімі өтініш орындалатынын, бұл бағытта жоспар бар екенін айтты.
Арнайы мамандар шақырылып, жер бөлінуде. Балалар алаңшаларын салу үшін жұмыс жүреді, – деген өңір басшысы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік гранттар бөлуде сыбайластықтың алдын алу, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жөнінде ой қозғаған тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтарына да жауап берді.
Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші адам – менмін. Азаматтардың заңға сай өмір сүруіне біз де мүдделіміз. Жемқорлыққа жол берген басшылар мен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде жұмыстан босатылады. Нақты дәлел керек. Ал жалпы жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Параны алушы да, беруші де жауапты екенін білесіздер. «Артспорт» бағдарламасы, балабақшаларды қаржыландыруда кейбір кәсіпкерлер заңды бұзып, қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып жатыр. Сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес тоқтамайды. Көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесіне келсек, Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделген. Оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беруді жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі былтырғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешілгенін мәлімдеді. Нақты айтсақ, Түркістанның ескі бөлігінде де инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр «Отырар» мөлтек ауданындағы 68 көпқабатты тұрғын үйдің аумағында 5,3 гектар жерге гүлзар салынды. Үйлердің сыртына сәулеттік жарық шамдар орнатылды. Сонымен қатар шаһардағы 17 шақырымды құрайтын 18 көшені орташа жөндеу үшін бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді. 64 шақырымды құрайтын 54 көшеде аяқжол салу үшін 1,4 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтыр І, ІІ шағынаудандарда 34 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл бұл жұмыстарды толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Кәріз жүйелерімен қамтамасыз етуге 9 жобаға, қаланың 272 көшесін жарықтандыруға қаржы қаралған.
Өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға жауап берді. Жеке қабылдауда да бірқатар мәселе айтылып, шешу жолдары айтылды. Кездесу аясында нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді.