ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ХАЛЫҚҚА КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ … ?

Еліміздің барлық аймақтарында қоғамдық көлік проблемасы үнемі назарда тұратыны жасырын емес. Бұл мәселе облыс және қала әкімінің халыққа есеп беру кезінде тұрғындар тарапынан жиі айтылды. Шымкентте қаңтар айында біраз күн суық болды. Сол кезде бірқатар қоғамдық көліктер жүрмей қалды. Одан бөлек қала тұрғындары кешкі уақытта автобустар жүрмей, графигін жиі бұзатыны жайлы әкімдікке көп шағымданады.

     Өткен аптада ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті көшпелі отырысы өтіп, онда қоғамдық көліктің жағдайы қызу талқыланды. Алайда жиналғандар халықтың мүддесін емес, жеке тасымалдаушы компаниялардың мәселесін айтып, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевты қыспаққа алды.

Осы жерде қала тұрғындарына сұрақ қойсақ.

Сіздер шаһарымызда жаңа, кешкі уақытта тұрақты жүретін автобустар болғанын қалайсыздар ма, немесе жүру уақытын сақтамайтын, бір-бірімен жарысатын, кешкі уақытта жүрмейтін, ескі-құсқы автобус болғаны дұрыс деп есептейсіздер ме?

Жиында айтылған мәселеге оралсақ. Тасымалдаушы компаниялар Жұматаев басқаратын бөлім қоғамдық көлік бағыттарын конкурсқа салғанда әділетсіздікке жол береді, типтік келісім-шарт дұрыс емес, тіпті олардың жұмысына әкімшілік кедергі болып жүргенін де айтты.

«Жолаушы тасымалдайтын компаниялар өздерінің көліктерінің құрамын жылына 20 пайызға жаңартып отыруы тиіс. Қоғамдық көліктің сапасына тікелей әкімдік жауапты, яғни жолаушылар көлігі бөлімі. Халық сапаны әкімдіктен сұрайды. Ал, жолаушы тасымалдаушы компаниялар мұның бәрі жеке кәсіпкердің тынысын тарылту деп түсінеді», — дейді Қуатжан Жұматаев.

Бұл жағдайға байланысты қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев өз ойын жеткізді.

«Жолаушы тасымалдайтын компаниялар қоғамға қызмет етіп жатқанын естен шығармасын! Кәсіпкер шығар, бірақ халыққа сапалы қызмет етсін. Неге олар автобустарын жаңартуды ойламайды? Неге олар халықпен санаспайды? Қала әкімінің есебінде, тұрғындардың көп сұрағы қоғамдық көлікке қатысты болды. Facebook әлеуметтік желісінде кешкі 20.00-ден кейін автобус жүрмей қалды, кондукторлар тым дөрекі, жүргізуші ұялы телефонмен сөйлесіп отырады деген мәселені көп байқаймын. Үлкен автобустар жүруі керек жерде, шағын автобустар қатынайды. «Санжар Моторс» ЖШС-нің басшысы, Шымкент қаласы әкімінің қоғамдық көлікті дамыту бойынша штаттан тыс кеңесшісі Елікбай Тоқбергенов жеке мүддесін ойлап, осы дауды бастап жүр ме? Әкім қойған талаптарға сай болмаса, Е.Тоқбергенов жұмыстан кетуі керек. Болмаса халықтың мүддесін қорғап, қызмет етсін. 65 маршрут сағат 20.30-ден кейін мүлдем көрінбейді деген шағым көп. Елікбай Тоқбергенов жеке мәселені бұлай шешу керек емес», — деді халық қалаулысы.

«Тағы бір сенімді деректе «КиУ» ЖШС-гі 2007 жылы №93 бағытта қала халқы үшін 37 дана «Хундай» автобусын қала әкімдігінің қолдауымен несиеге алдық деп, Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаевқа хат жолдаған. Осылайша аталған компания несиесін өтеу үшін әкімдіктен қолдау сұрап, несиелерін өтегенше әкімдік кепіл болса, сондай-ақ келісім шартты он жылға созуды сұраған. Алайда бүгінгі күнде бұл компанияда 37 дана «Хундай» автобусының орнына 3 автобус бағытқа шығады, ал қалғандары жалдамалы. Әкімдік жоқ автобусқа маршрут беріп, несиелеріне кепіл болуы заңсыз емес пе? Қоғамдық көлік мәселесі әрдайым депутаттардың назарында!», — деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *