ШЫМКЕНТТЕ ХОРВАТИЯНЫҢ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкентте Хорватияның Түркістан облысы және Шымкент қалаларындағы Құрметті консулдығы Желтоқсан 85 мекен жайында ашылды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысына құрметті консулдық қызметін Төлендиев Бекасыл Расулұлы атқаратын болады.

Осыған орай қала әкімі Мұрат Әйтенов Хорватия Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Тончи Главина мырза бастап келген делегацияны қабылдады.

Делегация құрамында Хорватияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович мырза мен әйгілі хорват футболшысы Ивица Пирич те болды.

Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты арттыра отырып, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, шаһарға инвестициялық жобаларды тарту, мәдениет, туризм және спорт бағытында тәжірибе алмасу жөнінде және әрбір жобаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайлы сөз болды.

Шаһар басшысы даму жолындағы Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алғанына бес жылға жуықтап қалғанын тілге тиек етіп, осы уақыт ішінде инвестиция тарту көрсеткіші айтарлықтай өскенін, инвестициялық әлеует пен мүмкіндіктердің молайғанын және алдағы 5 жылда қала экономикасына 6 трлн. теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын айтты.

-Қазақстан Хорватия арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың құрылғанына 30 жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында сауда-саттық, экономика, салаларында әріптестік жобалар мен екі жақты келісімдер жасалды. Ширек ғасырдан астам әріптестік аясында жасалған жобалардың екі елге де септігі тиіп, іскерлік қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны баршаға аян,-деді қала басшысы.

Хорватия Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Тончи Главина да, екі ел арасында үздіксіз дамып келе жатқан іскерлік әріптестікті күшейтуіміз керек деп ойлаймын. Осыған орай Шымкент пен Хорватия арасында мәдениет, туризм, спорт, кәсіпкерлік және білім саласындағы жетістіктермен тәжірибе алмасу мақсатында тікелей рейстер ашуды жоспарлап отырмыз,-деді.

Кездесу соңында шаһар басшысы Құрметті консулдықтың ашылғанына қуанышын жеткізіп, екі жақты іскерлік әріпестікті одан әрі нығайту үлкен мәретебе екенін атап өтті. Сонымен қатар Катарда өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатында Хорватияның жартылай финалға шығуымен құттықтап, сәттілік тіледі.