КӨРКЕМ СӨЗДІҢ ЕРЕН ЖҮЙРІК ЗЕРГЕРІ

2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда, Түркістан қаласы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы А.Исаханның ақын, драматург Жүсіпбек Аймауытов туралы жазған шығармасын ұсынып отырмыз.

Күрескер жазушы, ақын, драматург Жүсіпбек Аймауытовты біз қазақтың философиялық ойын дамытуға тікелей қатынасқан адам деп бағалай аламыз. Оның шығармашылық мұрасы терең рухани қазынамыз. Қазақ болмысы, ұлтаралық қатынастар, дала шаруасының санасы, әйел теңдігі, адамгершілік нормалары, таптық қоғам өмірі, өтпелі кезеңдегі билік нысаны сияқты күрделі теориялық мәселелер көркем әдебиет құралы мен тілі арқылы сөз болды, өзіндік шешім тапты. Ал, «Психология» аталатын оқулығы осы күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Жүсіпбек Аймауытовтың көзқарасы бойынша, мәдениет, оқу-білім, тәрбиеге келіп тіреледі. Бірақ адамда руханият пен адамгершілік жетіспесе, қандай жетістіктер де рахат пен ләззат әкелмейтінін ол былай көрсеткен: «Бұрын адам хайуан қалпында жүргенде тамаққа таласып, қандай алысып-жұлысса, бұл күнде жетіліп, мәдениетті болған адам да сол халден ұзап шыға алмай отыр. Мәдениеттің алдыңғы қатарындағы халықтар ғылымның жемісін зорлық, зомбылық, қиянат, озбырлыққа жұмсап отыр». Қазақ елінің ерекшелігі мен болмысын жете түсінген ол: «Еуропаға еліктей бермей, өз бетімізді, жұртымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Қазбалап тексерсек, Еуропаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері де бар», – дейді.

Әрине, Батыс мәдениетін қазақ халқына мүлдем керексіз демейді, оны да игеру керек, бірақ соған беріліп, соның жетегінде кетіп, өз ұлттық нақыштарын жоғалтып алмауды меңзейді. «Қазақ – мәдениет жөнінде ерте туып, кеш қалған халық. Кенже қалғанымызда, әрине, көп себеп бар: жер, тұрмыс, ғұрып, әдет, надандық (фанатизм), партия, өтірік, мақтан, міне, бізді ілгері бастырмаған осы сияқты себептер», – деп жазды ол.

Ғылым-білімге дұрыс бағыт беретін тәрбие болуы керек. Оқыту, тәрбие беруді кәсіби мамандығы санаған қаламгер өз шығармаларында осы мәселелерге де көп көңіл бөлген. Жазушының мына сөздерінде көп мән жатыр: «Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды, халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек», – дейді ол. – Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу – өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. Надан болсақ та, бай болайық десек, ғылымсыз байлық баянсыз болмақ, бұлай болған соң, ғылым мен байлық екеуі де керек ғылым білімге қанады. Ғылымсыз білім сыңаржақ ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ, білімді орнына жұмсау керек. Білімді орнына жұмсайтын не? Ол – тәрбие».

Сонымен, білімнің адамзат игілігіне жұмсалуы, жұмсалмауы тәрбиеге байланысты екен. Тәрбиесіз білімді адам сол білімін адамзаттың игілігіне де, сорына да оңды-солды жұмсай беруі мүмкін. Тәрбиелі адам, яғни иманды адам, толық адам ондайға бармақ емес, ол білімін өз орнына, игілікке, адамзаттың гүлденуіне жұмсайды… Міне, осындай-осындай ізгі ойларға жетелейді. Педагогикалық көзқарастары адамға, оны тәрбиелеу мүмкіндігіне деген сенімнен басталады. Өзінің «Тәрбие» деген мақалаларында Жүсіпбек Аймауытов адамның хайуаннан айырмашылығы жайында әңгіме қозғай отырып, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтарының барлығы тәрбиенің кемдігінен деп қорытынды жасайды. Оның айтуынша, адам табиғаттың емес, тәрбиенің құлы болуы керек.

Тәрбиешіге қоғамда өте үлкен маңыз берген жазушы оны дәрігермен ғана салыстырады, тіпті, одан да жоғары қояды: «Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады», – дейді. Тәрбие мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтеру қажеттігін жете түсініп: «Тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсыруға болады, себебі, тәрбие нәтижесінде ақылды адам көбейсе – Отанның күзетшісі, қорғаны», – деп атап өтеді.

Жүсіпбек Аймауытов – қазақ халқының ұлы кемеңгер демократы. Ол әрдайым азаттық пен теңдікті және елдің мүддесін биік қоя білген дарынды тұлға. Оның ұлттық – демократиялық ойлары – қазақ халқын Кеңестік коммунистердің ықпалынан босатып, өркениеті дамыған Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынас жасау еді. Қазақ елін демократиялық, тәуелсіз, гүлденген мемлекетке айналдыру үшін Алаш зиялылары партиялық бағдарламасын, идеологиясын дайындап, халқымыздың саяси, тарихи санасын ояту мақсатында түрлі мақалалар мен үндеулер жасады. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов бастаған алаштықтардың тәуелсіз ел болу жолындағы асқақ арманы мен мұраты жүзеге аспай, қызыл империяның құрбаны болды. Алайда, олардың ерен істері мен ерліктері ұлтымыздың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.

Анар ИСАХАН,

Түркістан қаласы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы.