ТҰҒЫРЫНА ҮКІ ҚОНҒАН ТҮРКІСТАН

Биссимиллә азан үні өпкен жел

Тауарихты төске басқан көк белдер.

Құл Қожа Ахмет кесенесі алдында

Алла ұлық зікір салған кептерлер.

Құла түздің қасиеті құты кім?

Тарих өзі таңбалайды бүкілін.

Біз білетін бөрененің биігі

Орыны ол орасан зор үкінің.

Қашап жазып мәрмәр тас пен тақтаға

Кіл мықтының атын алып жақшаға

Кесенені кие балап қорғаған

Өтті би де, өтті батыр, патша да.

Зияратта зиянатқа бекіген

Үкі сырын білер жалғыз һақ қана.

Қара түнек тұнжырайды қара аспан

Адал жүрек амал іздеп таңасқан.

Нән кемеде келе жатыр тіршілік

Жұп-жұбымен жарасқан.

Жасын оты, жаналғыштар елесі

Шайқатылған үлкен үміт кемесі

Қазығұрт деп хабар жетті Алладан

Тұрақтайтын белесі.

Толқын ұрып, тасқын айдап сенгісіз

Қараңғылық көзге түртсе көргісіз

Нұх пайғамбар қалай таппақ ол тауды

Бара жатқан бағыты да белгісіз

Нән кемеге сәби салған тымақтай

Биік те емес депті Алла мұнарт жай

Үкі деген құс жараттым жол бастар

Күндізгідей көрер көзі шырақтай.

Ұлпа қанат құс киесін ұғына

Төтеп беріп тағдырының сынына

Үкі бастап, құты асқақ нән кеме

Тұрақтады Қазығұрттың шыңына.

Орман-тоғай иесі бол үкім деп

Шаңырақтың киесі бол құтым деп

Нұх пайғамбар бата берді бұл құсқа

Тыншыған соң айналасын бүтіндеп.

Топан кетті, түн сейілді, күн күлді.

Жұптасқанның жұбы қанша кім білді?

Содан бері сансыз бабты Сайрамда

Киелі құс мекен етті үңгірді.

Бергісі анық, арғы тарих бұлыңғыр

Табан тіреп, көзбен көр де ұғым қыл.

Табиғаты таңғажайып үкі өрген

Ақмешіт деп аталады бұл үңгір.

Тарихымның түп тамырын ақтардым.

Тұмса тартқан тынысымен Шавгардың

Ясауиге аманатын тапсырған

Арыстанбаб бабтардың

Ақмешітті, сансыз бабты Сайрамда

Қызыр қонып, құты қалған жаппардың

Жетті тарих, жетті лебіз, жетті дем.

Тумысынан текті туар тектіден

Тұғырына үкі қонған Түркістан

Ұғымың да тегін емес деп білем

Жаңарса да заман ауып ықылым

Таңбалаған жаратқанның үкімін

Кесенеге ойып жазған қаріптер

Қанатында өрнектелген үкінің.

Нақтылықты назарыңа ұсына

Зейін салсақ қазақ хандық тұсына

Ел үмітін үкілеген батырлар

Үкі таққан найзасының ұшына

Тұлпары мен сұлу қыздың көркіне

Сал-серінің домбырасы, бөркіне

Үкі таққан үкілі ел о бастан

Дала заңын шипа қылған дертіне.

Еркіндігін алғаннан соң ұланның

Қыратына куә болып құранның

Үкі жаны жай тапқандай із-түзсіз

Тұғырынан ғайып болды Тұранның.

Бұза алмайтын қағида бар мың тұстан

Ту бағзыдан қымбат тұрар кіл құстан

Қазақ үшін құс киесі үкі де

Ел киесі, жер киесі Түркістан.

Үкі ғайып…

«Үкілі ел» Үкімет!

Я жаратқан бірлігімді бүтін ет.

Тұран бағын текті тұғыр Түркістан

Салтыма сай үміт еттім үкілеп.

Сайлаухан ЖОЛАНОВ.