ТҮРЛЕНІП ЖАТЫР БҮГІН ТҰРАН ДАЛАМ

Түрленген Түркі жұртым, Түркістаным,

Өзіңе түлетейін жыр құстарын.

Шын бақыт Арқа жақтан ағылып кеп,

Киелі топырағыңды бір құшқаным.

Киелі Түркістаным, асқақ ордам,

Табылмас бір өзіңнен басқа қорған.

Құдайдың Құдіреті бұл далада,

Тау түгіл кіп-кішкентай тасқа қонған.

Түркінің Түркістаным түп қазығы,

Тұрғызған ел қайраты, жұрт қажыры.

Көнетоз көпті көрген қарт секілді,

Көркіне көрік қосқан түкті әжімі.

Түркістан – іріліктің іргесі еді,

Тарихы ғасырлармен үндеседі.

Қасиетін әлі күнге жоғалтқан жоқ,

Бұл жердің топырағының бір кесегі.

Көркейді, дархан далам, өсті міне,

Дес бермес шаһарлардың ешбіріне.

Жүз ару жүдеп кетер қызғаныштан,

Жүзіндей Хор қызының кескініне.

Әр таңда бір ғимарат тұрғызылып,

Қарайды келбетіне күн қызығып.

Тұр міне бағы жанып әсем қала,

Қойғандай маңдайына жұлдыз іліп.

Болса да қай дәуірде, қай заманда,

Айналып берекесі бай ғазалға,

Көл-көсір байлығы мен қазынасы,

Көлкілдеп, тасып жатыр Тайқазанда.

Тараған халықтардың бір арнадан,

Тілемес тоғысуын кім Алладан?!

Түркіні түгел жинап, басын қосып,

Түрленіп жатыр бүгін Тұран далам.

Қаншама қойнауына сырды бүгіп,

Уақыттың дегеніне құлдық ұрып,

Қозғалмай куә болып жатыр дала,

Дүниеге дөңгеленген мың құбылып.

Нұрдәулет ӨМІРБЕКОВ.