ҚАСИЕТТІ ӨЛКЕ
Түркістан – қасиетті, киелі өлкем,
Тәңірдің өзі бұған ие көркем.
Титімдей қызмет қылған әр адамға,
Шарапаты бұл жердің тиеді ертең.
Жалғанда кім білмейді қасиетін,
Қара да, хан да келіп бас иетін.
Тасқа қашап жазылған тарихы да,
Оқығанда жанарға жас үйетін.
Бұл Түркістан – талайды таң қылған жер,
Жанданып рухы қайта жаңғырған жер.
Қара қазақ бас қосып Абылайды,
Ақ киізге көтеріп хан қылған жер.
Бұл Түркістан – Түркінің бесігі еді,
Тербеліп мерейімді өсіреді.
Бойына жиып алып толтырып тұр,
Береке, ырыс пенен несібені.
Тектілер түлеген жер кешегі осы,
Сәулетімен көгерген көсегесі.
Асқақтатып тұр міне даңқын бүгін,
Ақсақ Темір салдырған кесенесі.
Шығарды алып шаһар айды аспанға,
Бұлттан басын көтеріп әйгі Асқар да.
Зәулім-зәулім сәулетті ғимараттар,
Қожа Ахметтің жанына жайғасқанда.
Бой көтерді биік үй, аласа бақ,
Жандандырып, қаланы жаңашалап.
Балаша қуанып жүр қала жұрты,
Тамсанып әсемдікті тамашалап.
Таңымыз арайланып жаңа атса нақ,
Тағы да бір қонбақшы Алашқа бақ.
Көпті көрген көнетоз кәрі шаһар,
Жасарып бара жатыр сағат санап.
Береке-бірлігімен ел өседі,
Көк туын желбіретіп жел еседі.
Жаратқан қолдап тұрған бұл даланың,
Жарқын боп тұрған жоқ па келешегі?!
Диханбай ЕРСАЙЫН,
Өнер мектебі ақындар сыныбының оқушысы.