ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАЙЫРДЫҢ ЖАҢА ЖИНАҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Түркістан қаласында «Farab» кітапханасында ақын Бақытжан Дүкенбайдың «Құмсағат» жыр жинағының тұсаукесер кеші болып өтті.

Шараға ақынның ұстазы, жинақтың алғысөз авторы Батыржан Бимаханбетов, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов, қалалық мәслихат депутаты Ақиқат Абдулаев,  «Farab» кітапханасы директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы, т.б., кештің құрметті қонақтары қатарында қатысып, кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар жырға ғашық шаһар оқырмандары сахна төрін толықтырды.

Айта кетейік, Бақытжан Әбенұлы Дүкенбей 1994 жылы 6 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан жоғары медицина колледжінің түлегі. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. «Құмсағат» – ақынның алғашқы жинағы. Кітаптың редакторы Арқалық Әмәлиятұлы, коректоры Назерке Башар, мұқабасын жобалаған Тілек Ырысбек, көркемдеп беттеген Қойшыбек Мүбарак.

Салмағы мен сүрлеуі ерекшеленіп, мазмұны мен көркемдігі көптің көңілінен шыққан кештің рухани тағылымы терең. Былайша айтқанда,  ақынның сөнбес сәулесінің көрінісі. Ол – жүдеген жанына тынышсыз қоғамнан тыныштық іздеді. Тағдыры мен таң нұры да шуағын шашпаған ақын жаны іңір мен кешкі сам жамыраған сақи кештерге мұңын шақты. Жанының кірлегенін қаламады, жүрегінің жеңілмеуін тіледі. Солай болса деп өлеңдер жазды. Өлеңдері тағдырының көшірмесіндей ауыр, періштенің сыбырындай жеңіл, пенденің күбіріндей әлсіз, жартастың жаңғырығындай сырлы, таулардың биігіндей маңғаз, табиғат тіліндей құпия. Ол тағы да жыр жазып отыр. «Айт дедің-ау, не айтам…» деп тұншыққан қаламы қағаз бетіне өмірдің әділетсіздігі мен қоғамның кіршеңдігін жиі жазады. Ақынға бұндай өлеңдері ұнаған емес. Жыртылған парақ, өртелген өлең, көмілген шер, төгілген тер, өтеусіз еңбек… Бұл – оның тағдыр жазбасы.

Өмірден өмір іздеу оның өзіне ғана тән философиясы. Өлгендердің тірі екеніне ол сенеді. Керісінше, тірілердің тірі екеніне еш уақытта сенген емес. Сенімсіз орта мен көңілсіз кештер оны әбден шаршатқан. Кешкіқұрым өзі жалғыз молаларды кезіп жүреді. Сол молалардан, кесенелерден ақиқат іздейді, шындық іздейді. Жер бетіне симаған адамдардың топырақ құшағында тыныш жатқан үнсіздіктерін ұнатады. Өзі де бір сәт тынышталғысы келеді, бірақ, у мен шуға толы қоғам оны бір сәтке де терең тыныстатқан емес. Тірілерден шаршаған ақын молаларда өз-өзімен, әруақтармен жиі күбірлеседі, сөйлеседі.