АНА ЖҮРЕГІ

Өткен ғасырдың 1965 жылдары Қызылорданың дарынды ақыны Қанафия Дәрібаев өлеңдер кітабынан «Ана жүрегі» балладасы күшті әсер етті. Шамамен 70-ке жуық шумақты бір қиялмен 7 шумаққа өзімше сыйдырып жазып қойған едім. Ананың перзентіне деген ұлы махаббатын ұлықтап, ұлы сезімге бөлейтін осынау аңыздың тәрбиесі, құдіреті кімді де бей – жай қалдырмас деп ойлаймын. Ананың жалаңаш жүрегінің бейнесін сахна залында көрсету, кино экранында көрсету, ұлттық әділеттік әдептілігімізге сын. Көркемсөз ретінде жатқа айтудың өзі өте пайдалы болар.

АНА ЖҮРЕГІ

(баллада)

Мың жыл өткен бұрынғы замандардан,

Бір хикая айтайын жарандарға.

Жас жігіт ғашық болып бір аруға,

Болмаған ондай сұлу ғаламшарда.

Ұқтым мен бұл махаббат дерт екенін,

Сен маған, мен де саған тең екенмін.

Тірлікте бір болуға қолыңды бер,

Болуға адал жарың серт етемін.

Көңілді күннен – күнге құлай берді,

Ару да аздап жылы шырай берді.

– Бір үйде қанша адам тұрасыңдар,

– деп жаймен хал жағдайын

сұрайды енді.

Әкешім ерте өмірін қиған екен,

Жылқыдан жалғыз туған тұяқ екем.

Бір ғана анашыммен өзім тұрам,

Ешкім жоқ үйімізде басқа бөтен.

– Жар болам десең адал әркез маған,

Шын сүйген, бір сынақты айтам саған.

«Суырып кеудесінен анашыңның,

Жүрегін қолыңа ұстап әкел маған».

Қырандай қанат қаққан құшып көкті,

Күн батпай ғашығына ұшып жетті.

Жақындай бергенінде сүрініп қап,

Жалаңаш жүрек қолдан ұшып кетті…

Жас жігіт үнсіз, тілсіз сал боп жатты,

Қара тер қан түстеніп, сел боп ақты.

– Ауырып қалған жоқ па бір жерің деп,

Жалаңаш жүрек байғұс сөйлеп жатты…

АНАЛАРДЫ ҚҰРМЕТТЕҢДЕР, АДАМДАР!

Әлемді әнмен әлдилеген аналар,

Құдірет күші Күнмен, Аймен бара-бар.

Мейірімі жүрегіңе шам жағар,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Ақ қанатты аққу сынды аналар,

Біз – балапан, бауырына паналар.

Әкемізге болғаны үшін жар адал,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Ана – бұлақ, тірлік көзі нәр алар,

Әкім, патша, батырлар да, даналар.

Анасының құрсағында жаралар

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Бұл өмірде баласыз да ана бар,

Бұл өмірде анасыз да бала бар.

Болдырмауға мұны қандай амал бар?

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Тайдан – құнан, тұлпар өссін десеңдер,

Ұлтын сүйген ұрпақ өссін десеңдер,

Ұрпағымыз шырқап өссін десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Шын тілесең – көктен төгер нөсерлер,

Төккен сайын төге түсер, еселер.

Ризығың ортаймасын десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Дос мерейі таси түссін десеңдер,

Қас жігері жаси түссін десеңдер,

Жаттан мысың басым түссін десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Бірлік жәйлі ой толғайды көсемдер,

Бірлік қымбат деп сайрайды шешендер.

Бірлігіміз беки түссін десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Жар да ыстық. Жардан сүйген бала бар.

Қабағына жаутаңдаған ана бар.

Көңілінде өз ұлына нала бар,

Кімге айтып өз жүрегін жаралар?

Бәрімізді тапқан ана – жан анаң!

Түсіп қалған жоқ шығармыз шанадан.

Туғанымыз рас болса анадан,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Меккеге үш апарғанда арқалап,

Қарызыңнан жеңілдесең мархаббат.

Аналардан тасып шыққан махаббат,

Тірі әлемде құру үшін салтанат,

Аналарды құрметтеңдер, Адамдар!

Нұрмахан НАЗАРОВ.