ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖАС АҚЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өткізіліп отырған желілік «Қазақ әдебиеті» айлығы аясында Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас ақындарды насихаттау және олардың шығармашылығымен таныстыру мақсатында «Қазақ әдебиетінің жаңа тынысы» атты кездесу кеші өтті.
Айлық басталғалы бері зияткерлер жергілікті ақындардың шығармашылығы мен өмірбаяндарымен танысқан болатын. Ал бүгін мектеп ұжымы мен оқушылар сол ақындардың өзімен тікелей жолығып, етене таныса білді.
Атап айтсақ:
Дәурен Ақсақалов – Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының мүшесі, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері;
Еламан Төлеутай – Республикалық «Ақберен» байқауының «Поэзия» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алған.
«Ол қайтып келеді бүгін…» кітабының авторы.
«Құдай жайлы ойланатын қала» жыр антологиясына жинақтары енген.
Рысгүл Досжанова – Инстаграм әлеуметтік желісінде ашылған @tarmaqtar әдеби жобасының авторы. Қазіргі таңда парақшаны 30.000-ға жуық тұрақты оқырман, ай сайын 3.000.000-нан астам қаралым жинайды. Қазақ әдебиетінің эстетикасын, қазақ поэзиясын насихаттайтын бұл жоба TEDx, informburo, qalamger.kz, Өзбекстан елінде өткен жастар форумында таныстырылды.
Республикалық Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының, республикалық “Қасіретті жылдар – қасіретті жырлар” ақындар мүшәйрасының 2-орын иегері (2021 жыл).
Арқалық Әмәлият – «Ұмытшақ көктем» жыр жинағының авторы, «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауының жеңімпазы,
«Құдай жайлы ойланатын қала» жыр антологиясына өлеңдері енген.
Дәурен Тілеухан – Ақберен» Республикалық өнер байқауының “Ақындар мүшәйрасы” бағыты бойынша бас жүлде және Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің грант иегері, республикалық Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлде иегері, халықаралық ”Алтын қалам-2019” әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша жеңімпаз.
Тілеубек Батыс – ақын, “Құдай жайлы ойланатын қала” жыр антологиясына өлеңдері енген. “Қазақ әдебиеті газеті”, “Әдебиет порталы”, “Мәдениет порталында” өлеңдері жарияланған.
Кеш қонақтары ең алдымен зияткерлік оқу ордамызбен танысып, арнайы экскурсиялық тур өткізілді. Кампус турда ақындар мектеп құндылықтары мен зияткер оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды кабинеттердің «Тіл қазына» кешенімен таныс болып, өз таңданыстарын жеткізді.
Экскурсиялық турдан кейін ақындар әр шаңырақ қауымдастығымен жеке кездесуде, оқушылардың «Ақын – оқушы көзімен» тақырыбында зерттеу жұмыстарымен танысты. Әр шаңырақ ақындардың шығармаларынан поэзия оқуда, арнайы бейнеролик жасап, кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлап, алғыстарына бөленді.
Сондай-ақ кездесуде ақындар балалық шақтары мен шығармашылық жолға қалай келгендері туралы және бастан кешкен қызықты оқиғаларын баяндап беріп, оқушылармен сырлы сұхбат жүргізілді.
Ақындармен кездесу кеші шаңырақтармен таныстықтан кейін, мектептің мәжіліс залындағы дөңгелек үстелмен жалғасты.
Дөңгелек үстел мектеп директоры Балқан Маратұлының алғысөзімен басталып, қазақ әдебиетіне өзгеше серпіліс беріп жүрген жас ақындарға шығармашылық дамуда жетістіктер тіледі.
Кездесу барысында ақындарға қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйіне қандай баға береді, қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелер жайында сұрақтар қойылып, оның шешу жолдары туралы талқыланды. Сонымен қатар, оқушыларға көркем сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда қандай кітаптар оқу қажет осы сұрақтар төңірегінде өз кеңестерімен бөлісті.
Кеш соңында ақындар, есімдері жазылған арнайы ағаштан жасалған естелік сувенирге өз қолтаңбаларын қалдырды.