Түркістанда «Қазақ руханиятының қайнары» атты тақырыптық кеш болып өтті
Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 25 қазан -Республика күні мерекесіне орай мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты сыншы, публицист Ілияс Омаровтың 110 жылдығына орай «Қазақ руханиятының қайнары» атты тақырыптық кеш болып өтті, деп хабарлайды oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Кеш барысында қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Мәрсәліұлы Кеңес, Хамза Пайзыұлы, «Даму» мектеп—лицейінің директоры Юсупова Зейнеш халқымыздың рухани қазынасын байытуға үлкен үлес қосқан, күллі зиялы қауымның құрметіне бөленген, халқына қадірі артқан мәдениет жанашыры туралы ой толғады.
Ілияс Омаров (1912-1970) – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист. Халық жадында сақталудың жолы әрқилы. Біреу өнерімен, біреу ерен еңбегімен, тағы біреулер биік адамгершілік, азаматтық қылығымен ел өмірінде өшпес із қалдырады. Халқы оларды әрқашан есте ұстап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отырады. Сол арқылы кейінгілерді де өткеннің ғибратына баулиды. ХХ ғасырдағы қазақтың сондай қадір тұтқан, ұлы деп сүйген азаматының бірі – Ілияс Омаров.
Оқырмандар Ілияс Омаровтың ой толғамдары мен өлеңдерін жатқа оқыса, ал кітапханашылар Ілияс Омаров туралы естеліктерден сыр шертті. Оқырмандар шара барысында «Ілияс Омаров өз дәуірінің төл перзенті» атты кітап көрмесімен танысты.
