ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Рустам Ақбаров Шымкент қаласы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізді.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Әскери полиция, Әскери прокуратура, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы өкілдері, жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы және әскерге шақыру науқанына жауапты тұлғалар қатысты.
ҚР Қарулы күштерінің басшылығымен бекітілген жоспарға сәйкес, өңірлерде жергілікті әскери басқару органдарына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, күзгі әскерге шақыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілген. Полковник Р.Ақбаров күзгі шақырудың сапасын барынша арттыру қажет екенін атап өтті.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Алмаз Тлеуханов көктемгі әскерге шақыру кезеңін қорытындылап, күзгі науқанға арналған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады.
– ҚР Президент тапсырмасына сәйкес, әскерге шақырылушыларды ынталандыру жұмыстарын жандандандыру басты назарда тұр. Шымкент қаласында үш жылдың қорытындысы бойынша әскерге шақырылушылар саны 40 пайызға артты. Соған сәйкес, талаптар да күшейіп келеді. Бұл кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары тіркелген жоқ. Әскерден жалтарушылар бойынша да жұмысты күшейтіп жатырмыз. Бұл орайда қалалық Полиция департаменті, аудандық әкімдіктермен бірлесе жұмыс жоспарлары бекітілген, – деді А. Тілеуханов.
Қалада күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, барлығы 800-ге жуық адам шақырылмақ. Бұл жоспарды сапалы орындау үшін өңірден 6 мыңнан астам адам зерделеуден өтеді. Бүгінде қала бойынша 3 мыңнан астам азамат зерделеніп, оның 300-ге жуығы іріктеліп, жеке істері жинақталуда.