«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шымкентке келді
Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев ұйымның Шымкент қалалық өкілдігінің мүшелерімен кездесіп, еркін форматта сұхбат құрды, деп хабарлайды oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Шара барысында Тимур Ғабдолұлы «Ассамблея жастары» ұйымы мүшелерінің қоғамдық белсенділігін арттыру, әлеуметтік желілердегі контентін ұлғайту жөніндегі ойларын ортаға салды. Ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісіп, жастарды белсене жұмыс істеуге шақырды. Бүгінде жастардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік белсенді бөлігі санатына жатады. Олар елдің тыныс-тіршілігіне де белсене араласып, оның алға қарай даму жолында бірлесе жұмыс атқаруға алдарына міндет қойған. Ең басты бүгінде жастардың бойында жоғары азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, қалыптастыру болып отыр. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы да жандана түскен.
Жалпы ұйымның мақсаты – жастарды қоғамдық келісім негізінде топ¬тастыру, жастардың бастамаларын дамыту және әлеуметтік тұрғыда қолдау. Сондай-ақ, шарада «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірестігі Шымкент қалалық өкілдігінің төрағасы Н.Мейірбеков ұйымның жыл басынан бері атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, өз ұсыныстарын жеткізді. Басқосуда ұйым мүшелері бірлестіктің қызметі мен ары қарайғы даму мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді. Айта кетейік, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірестігі референдумды қолдау республикалық штабының құрамына енді.
Оның жұмысы аясында өңірлерде жастармен кездесулер өткізу жоспарлануда. Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалды рөлін күшейту мақсатында қалалық және аудандық деңгейлерде қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы сынды қоғамдық құрылымдар қызмет атқарады.