«Шымкент цирк» топ жарды
«Азия жаңғырығы» XIII халықаралық цирк өнері фестивалінде «Шымкент цирк» мемлекеттік мекемесінің «Тұран» командасы алтын медаль жеңіп алды. 10-14 тамыз аралығында «Астаналық циркте» өткен фестивальге Қазақстанның үш қаласы мен әлемнің 12 елінен өнерпаздар қатысты.
Қ.Дүйсеқұлов бастаған шабандоздар тобы қазақтың сайын даласының келбетін, жел жетпес тұлпардың шабысын, ұлттың тот баспас намысын цирк тілімен кестелеп, көрермендер мен мәртебелі қазылар алдына ұлттық бояуы қанық, ат құлағында ойнаған қазақтың еркебұлан, сал-серілерінің өнерін тұтас картина етіп ұсына білді.
13 метрлік манеж бір сәтте көшпелі халық жастарының ат құлағында еркін ойнайтын, ат өнерінің көптеген элементтерін қамтыған қыз-жігіттерінің сейілі өтіп жатқан жазира алаңға айналғандай болып кетті. Желмен жарысқан сәйгүлік бауырында емін-еркін өрмелей беретін жігіттеріміз, енді бірде тазы жүгіртті, құс шалды. Қыздармен әзілдеп айтысып та үлгерді. А.Әбдібек наздана жігіттерді «қыз қууға» шақырды, ал Б.Садық қыз орамалын бірнеше жерге тігіп, «теңге ілудің» сөз жетпес биік нұсқасын жайып салды. Жұп ат қатарласа шауып келе жатқанда оған жігіттердің емін-еркін лып етіп қона кетуі, екінші жұп жігіттің одан сайын қалықтап, серіктестерінің иығына шығып, соңынан іле-шала негізгі шабандоз – ту ұстаған жігітті қиян биікте қалықтатуы 12 минуттық аттракционның апофеозы, шыңы ретінде танылды. Делебені қоздырды, намысты қайрады, жігерді лаулатты, мерейді өсірді. Нөмірдің басталуынан есілген әдемі музыка қазақтың даласын, оның сан ғасырлық тарихын, ат өнерін өмірінің серігі ете білген ұлтымыздың мәдениетінен, рухынан, болмысынан хабар бергендей болды.
Шымкент шабандоздары елдің еңсесін биіктетті, шымкенттік өнерпаз-пал-уандар көрінісі ләззат сыйлап қана қойған жоқ, елге, ұлт өнеріне, цирк сияқты шынайы өнерге ықыласты үдете түсті.
– Цирк өнерінің ең бір сүбелі бөлімі – шабандоздар өнері. Ол әр цирктің алтын қорындай болады. Біздің жігіт-қыздарымыз – физикалық, акробатикалық жағынан әбден кемеліне келген, ат иығында отырысы тамаша грация-сымбатқа толы, вольтижировка өнерін жақсы меңгерген, епті, өжет, күрделі трюктерді жасай алатын шеберлер. Оған циркте үнемі жүргізілетін би, қозғалыс мәдениеті сабақтары да пайдасын тигізері даусыз. Ал жонглерлық өнер бізде барлық жанрда, кеңінен қолданылатын техникалық әдістер. Еліміздегі үшінші, ең жас цирктің топ жаруы ауызбіршіліктің, дайындық режимінің нәтижесі. Оған ат баптауға үлес қосқан мамандар еңбегін, әдемі костюммен әспеттеген дизайнерлер еңбегін қоса айтайық. Қысқасы,
«Шымкент-цирк» – шығармашылық өсу үстінде – деді цирктің шығармашылықты дамыту бөлімінің меңгерушісі Қ.Ізтілеуов.
«Азия жаңғырығы» – бүгінгі таңда Орталық Азия аймағында өтетін ең маңызды бірегей өнер жарысы. Оған көптеген елден цирк өнерінің марқасқалары қатысады. Оның нәтижесін, фестивальдің жүрісін бұл өнердің жарылқаушысы, Монако князьдігінің ханшайымы Стефания ханым бақылап отыратыны бар. Ерекше мазмұнды нөмірлерді сәуір айында өтетін дүниежүзілік форумға шақырту алуы да ғажап емес. Шымкенттік сайыпқырандар, құтты болсын!
А.Әлихан