ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ: ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АУЫЗ СУ ЖӘНЕ ЖАРЫҚТАНДЫРУ КӨРСЕТКІШІ 100 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстары туралы баспасөз брифингін берді.

«Бүгінде Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан, тұрғындардың ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%-ды, электр жарығымен 96,5%-ды, табиғи газбен-99,5%, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87% құрап отыр.
Ағымдағы жылы 30 көшеге асфальт салу жұмыстары жоспарланып, бүгінде аяқталу барысында. Аудандағы 404 көшенің қазіргі таңға дейін 124 көшесі жарықтандырылған» — деді Р.Мыңбаев.
Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 50 балалар ойын алаңшалары және 9 спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Ауданның басты көшелерін (102 басты көше) көріктендіру-көгалдандыру, ағаштарды және гүлдерді күтіп ұстау, санитарлық қырқу, ағаш түптерін әктеу, жасыл желектерді ретке келтіру, суғару, өсік шөптерді ору жұмыстары бойынша мердігер мекеме «Build stroi» ЖШС-ы тарапынан жұмыстар атқарылуда.
Жыл басынан бері мердігер мекеме тарапынан басты көшелердің бойына 3 300 дана ағаш көшеттері отырғызылып, жыл соңына дейін тағы 6 мың данасын қондыру жоспарланған.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданында биыл бұл бағдарлама шеңберінде 59 жоба іске асырылады. 2021 жылы 11 ойын алаңшасы орнатылып, пайдалануға берілді. 6 ойын алаңшасы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынды. 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ауданда I-II сектор бойынша 11 ойын алаңшасы орнатылады. Атап айтқанда, А.Байтұрсынов (№70, 88-90, 89, 92 үйлер), «Спорт» шағынауданы (№9, 24 үйлер), Ә.Диваев (№142-142б-144, 140-144б, 146 үйлер), Дулати (№ 205) және Қазыбек би көшесіндегі (№195 а) үйлердің аулалары абаттанады. Жалпы биыл Әл-Фараби ауданы ойын алаңшасымен толық қамтылады.