ТҰРАН: ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 4 ОЙЫН КЕШЕНІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ

Өткен оқу жылында Тұран шағынауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал, бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр.

Жаңа шағынаудандағы қуанышты жаңалық жаңа білім ұясы ғана емес екен. Көп қабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары салыныпты. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни, әр 2 көп қабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ, игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.
— Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз, — дейді көп балалы ана Ұ.Сыпатаева.
Айта кетейік, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында — 25, Әл-Фараби ауданында — 9, Еңбекші ауданында — 11, Қаратау ауданында — 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар.