ШЫМКЕНТ: № 107 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ
Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуде, деп хабарлайды oninfo.kz ақпараттық агенттігі. Шаһар басшысы М.Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстары барысын тексерді. 2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған.
Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды. Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады. «Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз», — деді әкім жауапты сала мамандарына. Барлық кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 525 оқушы білім алса, оның ішінде 11 сыныпта — 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Бұл жердегі Полиция Департаментінің жауапты инспекторлары мектептердегі қауіпсіздікті тікелей бақылап отырады. Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен 100% келісім шарт түзілген. Өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарлануда. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.