ЭТНОМЕДИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТУДЕ

Шымкент қаласында «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу және медиация рәсімдерін өткізудің өзекті технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өтуде. Екі күнге жоспарланған іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ, мемлекеттік қызметкерлер мен ҚХА-ның қоғамдық медиаторлары қатысып жатыр.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындау бойынша тапсырма берген болатын. Семинар-тренинг этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу, медиацияның мәні мен маңызын, әдісі мен тәсілдерін түсіндіру, кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерге нақты ұсыныстар беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласында 4 медиация орталығы жұмыс істейді. Орталықтың 9 медиаторы қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің құрамына енді, – деді басқарма басшысы.
Халықаралық медиация институтының директоры, кәсіби медиатор, конфликтолог Жанар Үсіпбекова, «Еуразиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лаура Ақшегірова этносаралық психология, әлеуметтік медиациядағы коммуникациялық менеджмент, этноконфликтология тақырыбында дәріс оқиды.
Айта кетсек, этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу, алдын-алу бағытындағы семинар-тренинг Шымкент қаласынан бастау алды. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, Шымкент қаласы аумағындағы 23 тұрғын алапта этнос өкілдері қоныстанған. Осы аумақтағы тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру, жағымсыз жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.