ШЫМКЕНТТЕ ҮЗДІК ТАУАРЛАР КӨРМЕСІ ӨТУДЕ
Шымкент қаласында 17-19 маусым күндері «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік байқау-көрмесі өтуде. Орталық саябақта қаланың азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені мен құрылыс индустриясының 70-тен астам тауар өндірушілері өз экспозицияларын орналастырды. Үздік сапа иесін анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер қатысты. Шаһар басшысы павильондарды аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.
Бұл жылғы көрмеге алғаш рет оннан астам жаңа компаниялар қатысуда, олардың ішінде «Бесқұдық тас» ЖШС (декоративтік тастар өндірісі), «Topseller of chemical products» ЖШС (дезинфекциялаушы және жуғыш заттар өндірісі), «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС (металл құрылымы), «Quraq group» ЖШС (трансформер жиһазы), «Alem Luxury» ЖШС (жиһаз), «БАРАКА» ЖК (сүт өнімдері), «NURTAU distribution company» ЖШС (сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз өндірісі), «Петухова» ЖК (бөлмеаралық есіктер) бар. Мұнда ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін таныта алады.
Арнайы құрылған сараптамалық комиссия үш номинация бойынша конкурс дипломанттарын таңдайды: «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары». Жеңімпаздар жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауына қатысады. Сондай-ақ, қала күні мерекесіне орай «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірі — кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» ЖШС-ы.
Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Ш.Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.
Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы.