ШЫМКЕНТ КЕЛУШІЛЕР САНЫ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ҮШТІКТЕ
Шымкент қаласына келушілер саны жыл сайын артып келеді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың 3 айында Шымкентке 97 501 адам келіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орынға ие болған. Тізім бойынша кезекте Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстары бар. Оның 90 мыңнан аса азаматы Қазақстан тұрғындары болса, 7000-нан аса турист шетелден келген.
Еліміздің үшінші мегаполисіне келушілердің басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан және Ресей елдерінен сапар жасаған. Ал, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Шымкентке келуші саны 71 156 адамды құрап, еліміз бойынша 5 орынды иемденген болатын.
Қалаға келушілер үшін орналастыру орындарының да саны ұлғайған. Бүгінде Шымкентте 140 орналастыру орны бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 117 пайызға еселенген. Осы қонақ үйлерде 1000-нан аса адам қызмет етеді. Олардың қатарында қонақ үй әкімшісі, хостес, ресепшн қызметкері, оператор, сату менеджері, брондау менеджері, даяшылар, аспаз, бас аспаз, бас менеджер және басқа да қызметкерлер бар. Осы қызметкерлер көрсеткен қызмет арқылы 1 млрд. 627 млн. қаржы тапқан.
Одан өзге, аталған 140 қонақ үйде 2 737 бөлме бар. Бұл орналастыру орындары біржолғы сыйымдылықта 6000-ға жуық адамды қабылдай алады. Жыл басынан бері 100 мыңға жуық адам қонақ үйлерге келіп тұрақтаған. «E-qonaq» жүйесіне тіркелу мәліметіне сәйкес, олар жеке, туристік, кәсіптік және іскерлік мақсаттарда Шымкент қаласына саяхат жасаған.
Туризм әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, қазіргі әлемдік туризм өнеркәсібінен түскен табыс мұнай экспорты мен мұнай өнімдері және автокөлік табысынан кейінгі 3-орында тұр екен. Бұл саланы дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, ұлттық табысын молайтып отырған елдер көп. Осы орайда елімізде, оның ішінде Оңтүстікте де қарқынды дамып отыр деп айта алмаймыз. Десек те, соңғы жылдары туризм саласын дамытуға деген талпыныс күшейіп келеді. Батыс Тянь-Шань сілемдері мен Қазығұрт және Ордабасы тауларының етегіндегі тамаша табиғат аясында орналасқан Шымкент ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған. Терең тарихы бар шырайлы Шымкент шаhарының табиғаты мен ауа райы адамдардың өмір сүруіне және саяхаттап келген туристерге де өте қолайлы.