ҚАЛА ӘКІМІ АҚТАСТЫ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫН БАҚЫЛАДЫ
Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы табиғи газбен қамтылған. Шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, 31 елді мекенде газ жартылай берілген. Бүгінде қалған елдімекендерге газ тарту мақсатында тиісті жобалар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас, Ақтас-2 шағынауданында болып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.
Ақтасқа газ құбырын тарту жұмысының 65 пайызы орындалған болса, осы жылдың тамызына дейін аяқтап, нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек.
Ақтас-2 шағынаударнында құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Нысан құрылысы үшін 223,6 млн теңге қаражат қаралып, қазірге дейін оның 120 млн теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болған ішкі жүйелерге құбыр тартылуда. Өткен жылдың соңында басталған жоба тамызға дейін пайдалануға берілмек. Нәтижесінде елді мекендегі 160 абонент табиғи газбен қамтылады.
Қазіргі уақытта қалада 1 магистралды және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Тұран магистралды газ құбыры мен 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 20 мыңға жуық тұрғынға табиғи газ беріліп, қамтылу көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. 2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Шымкент қаласының аудан аумақтарында қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Қаратау ауданы бойынша Таскен, Тұран, Достық, Нұртас, Тассай шағын аудандарында 16 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Таскен тұрғын алабында 650 шаршы метр болатын 3 көшеге, Тұран шағын ауданы бойынша 3 көшеге, 8 550 шаршы метрді құрайды, Достық шағын ауданында 5 көшеге, яғни, 17 440 шаршы метрге, Нұртас шағын ауданы бойынша 3 көшеге, ол 750 шаршы метр, Тассай тұрғын алабына 3 көшеге, яғни 2650 шаршы метрге шағал тас төселеді.
Жалпы Қаратау ауданы бойынша 21 шақырымға шағал тас төсеу жоспарлануда.
Алдағы уақытта Қайнарбулақ саяжайы бойынша 10 көшеге, Бозарық саяжайы бойынша 2 көшеге, Асар-2 шағын ауданы бойынша 2 көшеге, Қайнарбұлақ тұрғын алабына 5 көшеге, Сайрам тұрғын алабындағы 8 көше мен Исфиджаб тұрғын алабындағы 9 көшеге шағал тас төселеді.