ЖЕТІСАЙДА ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА 1200 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Заман талабына сай заманауи үлгіде бой көтерген білім ұясы №7 «Тұран» мектеп-гимназиясы деп аталып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек арнайы келіп, мектеп лентасын қиып, сөз сөйледі.

— Елбасының және мемлекет басшысының жолдауында білім саласына ерекше назар аударылып келеді. Жыл басынан бастап 4 мектеп пайдалануға беріледі. Бұның барлығы біздің балаларымыз үшін жасалынып жатыр. Бүгін пайдалануға беріліп отырған білім ордасы заман талабына сай етіп салынған. Мектептің спорт залы, асханасы, арнайы сынып бөлмелері өте кең, әрі ыңғайлы. Алдағы уақытта осы жерден көптеген «Алтын белгі» иегерлері, озат оқушылар көп шықсын деп тілейміз. Білім беру саласындағы қызметкерлерге, мұғалімдердің жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Мұрат Болатұлы.

1200 орындық мектеп құрылысын «АСТ-Жетіген»  ЖШС-і өз уақытында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында пайдалануға тапсырды. Стандартқа сай салынған спорт залындағы волейбол, баскетбол, үстел теннисі және футбол сынды спорт түрлері бойынша оқушыларға барлық жағдай жасалған. Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, мектеп оқушыларының сапалы білім алуына толық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы да бар. Жаңа білім ғимаратының ашылғанына қуанған жетісайлықтар мемлекетке және осы игілікті іске күш жұмсаған барлық сала мамандарына өз алғыстарын білдірді.