ЕЛБАСЫ БАСТАМАЛАРЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ!
Қазақ елі бірер күннен кейін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын тойлайды. Торқалы той қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жариялады. Елбасы бұл кең көлемді мақаласында Қазақстанның тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін, қандай қиындықтардан өткенін сараптап айтып берді. Ұлткөшбасшысы «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды», деген сөзі өте құнды деп есептеймін.
Тəуелсіздікке ие болғалы бері мемлекет іргесі бекіді, қоғамның демократия негіздері, азаматтық қоғам институттары сияқты маңызды күретамырлары қалыптасты. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің бұйырғанын жоғары бағалап құрметтеуде әр азамат тағылым алуы тиіс.
Елбасы мақаласында: «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын. Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді. Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім», деп нақты стратег ретінде идясын алға тартты.
Тәуелсіздік – біздің елдігіміздің айғағы, еркіндігіміздің белгісі деп түсінуіміз керек. Бұл ұғымды қастерлеу, көзіміздің қарашығындай сақтау, нығайту – баршамыздың парызымыз. Себебі, әлемде 300-ге жуық мемлекеттің 200-ден астамы ғана тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалып отыр. Қалған мемлекеттердің әлі күнге дейін өз алдына дербестігі жоқ, жер мәселесі байланысты қақтығыстар мен келіспеушіліктердің орын алып жатқанына куәміз. Осыған орай, өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескеретін болсақ, біздің отыз жылымыз ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық.
Осы жылдарда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен мынадай маңызды жұмыстар іске асырылды:
Біріншіден; Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің 15,7 мың шақырым шекарасын халықаралық келісімдермен бекітіп, болашақ ұрпақ үшін бейбітшіл өмірді қалыптастырды;
Екіншіден; «Қазақстан халқының талабына үн қата отырып, ұлттың болашағына жауапкершілікті сезініп, мемлекеттік пен тәуелсіздік мүдделеріне сай әрекет етіп, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Үшіншіден; Тәуелсіз ел атанғаннан кейін көпшілік біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстар туындап, құлдырауға ұшырайды деген болжамдар жасаған болатын. Елбасы ұлтаралық келісімнің ерекше моделін іске асырып, әлемдік елдерге үлгі болатын Қазақстан Халқы Ассамблеясын құрды;
Төртіншіден; Түбегейлі жаңа нарықтық экономиканы дамытуда посткеңестік елдер арасында көлемі 2-ші және әлемнің 206 елі ішінде 41-ші орын алатын экономиканы құрып, дамыған елдер қатарына енуге мүмкіндіктер жасады;
Бесіншіден; Елімізде демографиялық дағдарыс еңсеріліп, 1999 жылы халқымыздың саны 14,8 млн. адам болса, бүгінде халық саны шамамен 4 млн. астам адамға өсті;
Алтыншыдан; Қазақстандықтардың өмір сүру сапасы едәуір жақсарды. Халықтың табысы доллармен шаққанда 9 есе өсті, кедейлік деңгейі 10 есе, 4,6%-ке дейін қысқарды;
Жетіншіден; экономиканың жаңа салаларын қалыптастырып, Қазақстанда өндірілмейтін 500 өнім түрі шығарылып, еліміздің өнімдері 132 елге экспортталатын деңгейге жеттік;
Сегізіншіден; бүгінгі күні Қазақстанның алтын-валюта жинағының көлемі шамамен 100 млрд. долларға жетті. Осының арқасында әлемдік дағдарыстардан Елбасының арқасында еңсеріп өттік;
Тоғызыншыдан: Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің 85%-ның жерүсті тасымалдануын қамтамасыз ететін ең ірі трансконтиненталды көпірге айналды. Бұл ұрпақтың келешегі үшін жасалынып жатқан игі шаралар деп жоғары баға беруіміз тиіс;
Оныншыдан: Елбасы бастамасымен Ел мақтанышы – жаңа Астана бой көтеріп, маңызды халықаралық бастамалардың, іргелі іс-шаралар мен келіссөздердің орталығына айналды.
Бұл жетістіктер мен дамулар Елбасы мен Тәуелсіздігіміздің жемісі деп түсінгеніміз абзал. 30 жылда қаншама қиыншылықтарды еңсеріп, әлемдегі алпауыт елдермен тереземіз тең болатындай жағдайға жетіп отырмыз.
Тәуелсіздіктің жетістіктіктері мен Елбасының ұлы реформалары туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жылдың басында «ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ» атты мақаласын жариялап, мемлекетіміздің дамуын айқындап берді. Алдағы уақытта елдің патриоттары Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай жұмыстар атқаруы керек екенін айта келе, Тәуелсіздіктің отыз жылын үш онжылдық белеске бөліп, әр кезеңнің тарихи тұрғыда өзіндік орны бар екеніне тоқталды. Сондықтан барша қазақстандықтар Тәуелсіздіктің басты құндылық екенін, Елбасы мен Мемлекет басшысының төңірегіне ұйысып, көптеген асуларды асып, жеңістерге бірге жетуге болатынын айтқым келеді.
Шымкент қалалық мәслихат депутаты,
Мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы
фракциясының мүшесі
Анарбеков Нұрпейіс Жаппарұлы.