ТҮРКІСТАНДЫҚТАР  ЕМХАНАНЫ ЕРКІН ТАҢДАЙДЫ

15 қыркүйек – 15 қараша аралығында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелуге болады. Бүгінде  азаматтардың емханаға тіркелуі өте маңызды. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады. Осы ретте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевпен сұхбаттасқан едік.

— Асхат Асанұлы, Түркістан облысы бойынша емханағаи тіркелген тұрғындар жайлы  және МӘМС жүйесі бойынша қызмет көрсетіп жатқан медициналық ұйымдар жөнінде білгіміз келеді…

— Бүгінде емханаларға барлығы 2 002 293  адам  тіркелген. Өткен жылдың тіркеу науқанының қорытындысын қарайтын болсақ, МСАК ұйымын еркін таңдау қызметін   1 989 844  адам пайдаланған.

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 13 қарашасындағы  № ҚР ДСМ-194/2020 «Жеке тұлғаларды МСАК ұйымдарына тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде  емхананы еркін таңдау науқаны өткізіледі. Пациент өз таңдауын жасап, өзі қалаған медициналық ұйымның қызметін алады. Науқаннан соң медициналық  ұйымдар келесі жылы халыққа қызмет көрсету мақсатында тапсырыс алады.

Биылғы жылы Қор филиалы 81 өнім  берушісімен шарт жасасты. Оның ішінде, 41 мемлекеттік  және 40  жекеменшік  ұйымдар. Аталған ұйымдардың барлығы денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген.

Айта кетерлігі, емханаға тіркелген пациентке консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаға жатып емделуге, кез келген жоспарлы медициналық қызметтердің көрсетілуіне және көптеген басқа да медициналық  жолдамаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмек алуға құқық береді.

-Тіркелуге қабылданған өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?

-Азамат электрондық үкімет порталы арқылы бекітуге өтінім берген кезде бекіту немесе бекітуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

-Неліктен үйге жақын емханаға тіркелу маңызды болып саналады?

-Біріншіден, бұл үйіңіз бен емхананың ортасында 15-20 минуттық жаяу жүруге болатындай қашықтықтағы медициналық көмекке қолжеткізу. Екіншіден, үйде көмек алу, дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыруға ыңғайлы болғаны жөн. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі.

-Бір адам  еркін таңдау науқанында  бірнеше емханаға тіркеле алады ма?

-Тек бір емханаға тіркелу мүмкіндігі бар. Өйткені, бекіту кезінде адамның  жеке сәйкестендіру номері арқылы тіркеледі. Тіркелу дерекқорында шаралар барысында бұрынғы емханадан босату автоматты түрде жүзеге асырылады.

-Егер пациент  тіркеу  науқаны кезінде өтініш бермеген болсам не болады?

— Еске сала кетсек, биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады. Баршаға бірдей емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады.

Пациент емханаға тіркелген соң, тиісті медициналық көмекті  қай уақыттан  бастап  алуына  болады?

-Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап алады. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұрын қызмет көрсеткен емханада медициналық көмек алуды жалғастырады.

-Пациент қандай жағдайларда  емханаға тіркеле алмайды?

— Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс.

-Шетелдік азаматтардың емханаға тіркелу тәртібі қалай жүргізіледі?

-Биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады.

-Емханаға қалай тіркелуге болады?

-Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы. Сондай-ақ екіншісі, емханаға барып өтініш жазу арқылы тіркелу.

Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді.

Ал тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса, авторландырудан өтіп, электронды өтініш қалдыру қажет. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.

Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, Қордың ресми кері байланыс арналары — 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы өтініш қалдырсаңыз жеткілікті.

Естеріңізге сала кетейік, тіркеу науқанына қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Олардың толық тізімі Медициналық сақтандыру қорының www.fms.kz ресми сайтында қолжетімді.