ШЫМКЕНТТЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингі өтті.
Брифингте сөз алған Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 162 іс-шара өткізілді. Оның ішінде негізгі ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Шымқала» этноауылы мен «Қамал» тарихи-мәдени кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала әкімінің бастамасымен Қазақстанда алғаш рет ІІ кезеңнен тұратын «Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылды. Жобаға 140 жалпы орта мектептен 536 команда қатысты. Жеңімпаз 4 мектепке демеушілердің есебінен 20 млн теңгеден жалпы 80 млн қаржы мектептің материалдық қажеттілігіне жұмсау үшін берілді. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен елорда күні қарсаңында заман талабына сәйкес 3 кітапхана қайта жаңғыртудан өтті, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бексұлтан Ержанұлының мәлімдеуінше, екінші жартыжылдықта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай маңызды іс-шаралар жоспары бекітілген. Атаулы мереке аясында ақпараттық-насихаттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл ретте биыл мерейлі мереке қарсаңында 2 430 қала тұрғынына пәтер кілті табысталмақ. Сондай-ақ «Тәуелсіздік табыстары», «Жасампаздыққа толы жылдар» тақырыптарында бейнефильмдер желісі жергілікті телеарналардан көрсетіледі. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарының слеті» ұйымдастырылады.