2034 жылғы Әлем чемпионаты Сауд Арабиясында өтетін болды
Рамазан айына байланысты футбол турнирлері желтоқсанда емес, қаңтарда ұйымдастырылуы мүмкін.
Cауд Арабиясы 2034 жылы ерлер арасында Футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды. Мұны сәрсенбі күні ФИФА растады. Осылайша тақ мұрагері Мұхаммед Салманның басшылығымен мұнайға бай корольдіктің жаһандық спортқа жұмсаған шығындары зая кетпеген сияқты.
Саудия он жылдан кейінгі турнирді өткізуге жалғыз кандидат еді. Оның өтінішін ФИФА-ға мүше 200-ден астам федерация бір ауыздан қолдады. Онлайн дауыс беру процедурасы Цюрихте ФИФА президенті Джанни Инфантино басшылығымен ұйымдастырылды.
2030 жылғы Әлем чемпионатын Испания, Португалия, Марокко бірлесіп қабылдайтын болды. Дегенмен осы чемпионатқа жоспарланған 104 матчтың үшеуін Аргентина, Парагвай, Уругвай (әрқайсы бір-бірден) өткізулері керек.
Бұндай шешім Уругвайдың 1930 жылы алғашқы Әлем чемпионатын қабылдауының 100-жылдығы құрметіне қабылданып отыр.
Сауд Арабиясының бәсекелессіз 2034 жылғы чемпионатты өткізу құқығын жеңіп алуы үлкен сынға ұшырап отыр. 15 айға созылған өтініш қарау процесі ашық өтпеді. Кейбір адам құқығын қорғау ұйымдарының ойынша, осы ойындарды өткізуге дайындық барысында жұмысшы-мигранттардың өмірін қауіпке душар етуі ықтимал.
Дегенмен ФИФА мен Сауд Арабиясы ресмилерінің мәлімдеуінше, 2034 жылғы турнирді өткізу өзгерістерді, соның ішінде әйелдер бостандығы мен құқығын кеңейту шараларын жеделдете түседі. Ал Инфантино Әлем чемпионатын «жағымды әлеуметтік өзгерістер мен бірліктің ерекше катализаторы» деп атады.
Саудияның тез жеңіске жетуіне былтыр жол ашылды. Сол кезде ФИФА 2030 жылғы чемпионатты бірден үш құрлықта өткізуді ұйғарды. Ал 2034-тің турнирін Азия мен Океания ұйымдастыруы қажет болған. Бірақ ФИФА оларға өтініш беруге небары төрт аптаға жетпес уақыт ұсыныпты. Арыз беруге Саудия ғана дайын болып шықты.
«Біз әлемге қошемет білдіретін, әдемі елімізді, мәдениетімізді және ойынға деген үлкен құштарлығымызды көрсететін сәтті асыға күтіп отырмыз», – дейді Сауд Арабиясының спорт министрі ханзада Абдулазиз бен Турки әл-Файсал өз мәлімдемесінде.
Бұл жеңіс 104 матч қарсаңында 15 стадион мен отельдерді және транспорттық желілерді салуға тартылатын, негізінен, оңтүстіказиялық жұмысшылардың жағдайына және Саудияның еңбек заңына назарды күшейтеді деген болжам бар.
Стадиондардың бірі 350 метр биіктікте – Неом атты әлі пайда болмаған футуристік қалада бой көтеруі керек. Ал екіншісі ел астанасы әр-Рияд маңындағы биіктігі 200 метр қыраттың үстінде салынып, тақ мұрагерінің атымен аталмақ.
Корольдік тақ мұрагерінің Саудия қоғамы мен экономикасын модернизациялауға бағытталған Vision 2030 атты ауқымды жобасы аясында әлем чемпионатымен байланысты жобаларға ондаған миллиард доллар жұмсау жоспарланып отыр. Сыншылар болса, ханзаданың түрлі турнирлерге қыруар қаражат шығындауын корольдіктің репутатациясын «спортпен жуып-шаю» деп сипаттайды.
Саудиялық клубтар соңғы екі жылда Криштиану Роналду, Неймар, Карим Бензема, Садио Мане сынды ойыншыларды сатып алуға және еуропалық футболға жүздеген миллион доллар жұмсады.
Мұндай ықпал 2034 жылғы чемпионатты өткізетін айды таңдау жөніндегі келіссөздерде шешуші рөл ойнауы мүмкін. Мәселен, Катар 2022 жылғы кубокты жаздың шіліңгір ыстығында емес, қараша-желтоқсан айларында өткізгені белгілі. Алайда, Саудияда ондай мүмкіндік болмайды. Себебі 2034 жылғы Рамазан айы желтоқсанның ортасына дейін жалғасады. Болжамдарға қарағанда, Саудия чемпионат үшін 2034-тің қаңтарын таңдауы ықтимал. Ал сол жылдың ақпанының 10-де Солт-Лейк-Ситида Ақ олимпиаданың ашылу салтанаты өтуі керек.
Дереккөзі: inbusiness.kz