2025 ЖЫЛҒЫ 1 ТАМЫЗ БЕН 20 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА АУҚЫМДЫ ҰЛТТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ

 

Бұл санақ – елдің аграрлық секторы туралы өзекті және сенімді ақпарат жинауға бағытталған стратегиялық статистикалық шара. Санақ нәтижелері ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін қажет. Іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қабылдаған. Санақ мерзімі аграрлық маусымның ерекшеліктері ескеріліп таңдалды.
Санаққа дайындық 1,5 жыл бұрын басталды: Үкіметтік деңгейде арнайы комиссия құрылып, нормативтік-құқықтық база бекітілді, орталық және жергілікті органдар жұмылдырылды. Сонымен бірге, Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия елдерімен халықаралық кеңестер өткізіліп, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының әдістемесі негізге алынды. 2023 жылы Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ақжар тұрғын алабында пилоттық санақ өткізіліп, ақпараттық жүйелер мен әдістемелік құралдар сынақтан өтті. Бұған дейін Қазақстанда мұндай санақ тек 2006–2007 жылдары өткен. Енді 2025 жылы өсімдік, мал және балық шаруашылығы бір мезгілде қамтылады.
Санаққа барлық шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысуға міндетті. Бұл – тек статистикалық есеп емес, бүкіл ел үшін маңызды ұлттық бастама.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/Pf-dpEMNXFc?si=MWL8KV1vfcV8ezcp
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ