20 жыл — 20 белес!

Осыдан 20 жыл бұрын негізі қаланған “Шаян” тәуелсіз апталық газетін әкем Абзал Әділбеков ашқан болатын.
20 жыл аз уақыт емес… Нөлден басталған тірліктің қызықшылығынан қиындығы көп болатыны белгілі. Сол қиындықтардың бәрінен әкем жалғыз өзі өтті, жалғыз өзі күресті. Ұл-қыз өсіргені бір бөлек, халық пен оқырманның көңілін табатын газет ашу бір бөлек дүние. Азанда кетіп, түн ауа келетін қалжырап. Біз баламыз, мектеп оқушысымыз. Тілін білмейтін дүниеге араласу ойға да кіріп шықпапты. «Отбасындағы көрген тәрбие — өмірлік сабақ» демекші, сол тәрбиемен бүгінде барлығымыз да журналист болдық. Күннің суығы мен ыстығына қарамастан газет таратты. Көліктің аз кезі, толарсақтан су кешіп, қолына екі пакет газет алып, тиісті жерлерге таратып шығатын. Қолдан келгенше жәрдем де бердік. Дегенмен, барлық ауыртпалық әкеміздің мойнында еді. Сынап та жазды, сұрап та жазды. Лайықты жандарды мақтап та жазды, ширасын деп сыбап та жазды. Екі өмірді тең ұстады. Бірі — отбасы, бірі — газеттегі өмір!
«Аллаға шүкір», ол жылдар артта қалды. Газеттің оқырмандары бар. Газетті өз деңгейіне жеткізіп, ұлы, яғни бауырым Ұлан Абзалұлына тапсырды. Мені жанына «Алғабас» газетіне жұмысқа алды. Бұл да тәрбие! Алдағы уақытын шығармашылыққа арнамақшы!
Әке — Сіз халықтың адамысыз, халықтың қалаулысысыз, елдің азаматысыз!
Бүгінгі той Сіздің қаншама жылдық еңбегіңіздің жемісі!
Тойға жиналған көпшілік Сіздің оқырмандарыңыз, тілеулестеріңіз, жақындарыңыз!
Е.АБЗАЛҰЛЫ.