ЖОЛДАУДЫ НАСИХАТТАУШЫ ТОП МАҚТААРАЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау бойынша облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Мақтаарал ауданының тұрғындарымен арнайы кездесу жиынын өткізді.

Мәжілісті жүргізіп отырған аудан әкімі Бақыт Асанов: «Жыл сайынғы Елбасымыздың Жолдаулары өзіндік ерекшеліктерімен көрініс табады. Бұл жолғы тарихи құжат еліміздің бай және бақуатты өмір сүруі, еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұратын жасап көрсетті. Мінеки, осы ел дамуындағы аса маңызды құжаттың құндылығын, мән-мазмұнын терең талдап, жан-жақты түсіндіру мақсатында облысымыздан бірқатар азаматтар келіп отыр» — деді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков бастап келген облыстық ақпараттық-насихаттық топтың құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, топ жетекшісінің орынбасары Мұқан Егізбаев, Сырдария университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы Бегім Серіков, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айтмахаметәлі Бердашев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ильяс Құрамысов, Сырдария университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Мырзатай Мейірбеков, облыстық ақпарат талдау орталығының бөлім басшысы Баян Анарбаевалар бар.

Ең алғаш сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков Жолдауда айтылған негізгі мәселелерге тоқталып, Жолдау жаңадан құрылған Түркістан облысында кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Сырдария университетінің доценті М.Мейірбеков Елбасы Жолдауының тарихи мәнін терең түсіндіріп, ондағы білім саласына қатысты айтылған мәселелерге тоқталды. Мақтаарал ауданының қариялары атынан сөз сөйлеген ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров пен аудан жастарының атынан сөйлеген Мақтаарал агробизнес колледжінің студенті Ұ.Теңізбай Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, ондағы айтылған тапсырмалардың жергілікті жерде орындалуы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керектігін айтты.

Айта кетейік, Елбасының Жолдауын Мақтаарал ауданының кенттері мен ауылдық округтерінде, барлық елді мекендерінде тұратын тұрғындарға тереңнен түсіндіру үшін арнайы аудандық топтар құрылып, жұмыс жүргізуде.

97 рет оқылды
  • 3
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *