Жетісайлықтар Әлем чемпионы Садриддинге тұлпар мінгізді

Әлем чемпионы Садриддин Ахметов туған жері — Жетісай ауданына келді, деп хабарлайды oninfo.kz аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев бокстан жастар арасында әлем чемпионы атанған Садриддин Ахметовты қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында жеті мәрте шаршы алаңға шығып, барлық кездесулерін нокаутпен аяқтаған 21 жастағы боксшыға өз атынан алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

«Жетісай қаласында туып, қазақ халқының атын әлемге танытып жатқан сендей жерлесімізбен шын мәнінде мақтанамыз. Біз сенің барлық жекпе-жектеріңді жібермей көруге, жанкүйер болуға тырысамыз. Алдағы уақытта кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атануыңа тілектестік білдіремін. Жетісай жұрты әрқашанда сенімен бірге. Қазақ халқының сендей ұлдары аман болсын! Туған топырағың – Жетісай ауданына қош келдің!», — деді Жамантай Бейсенбаев.

Кездесуден соң аудан әкімі әлем чемпионына тұлпар мінгізді. Шараға 100-ден астам аудан тұрғындары мен жас спортшылар және жақын ағайын-туыстары қатысты. Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутпен жеңіп, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Таяуда ғана ол Алматы қаласында өткен бокс кешінде бірінші орта салмақта Джон Рубамен айқасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айта кетейік, Садриддин Ахметов 1998 жылдың 31 қаңтарында Жетісай ауданы Жетісай қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. 7 жасында Астана қаласына қоныс аударған ол сол кезден бері бокстың қыр-сырын меңгеруге кірісіпті. Жетісайдың тумасы Садриддин Ахметов 2016 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде алтын алқа тақса, 2017 жылдың күзінде кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдаған. 2018 жылы Канададағы «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасады. Аталған компанияны бүгінде әлемдегі танымал промоутерлердің бірі Камил Эстефан басқарады. Садриддин Ахмедов қазір Канаданың Монреаль қаласында жаттығады. Бапкері – Марк Рэмси.

Photo: Қуаныш Әуелбеков.

247 рет оқылды
  • 68
    Поделились