«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…»

«Ауылына мектеп салып беріпті, аурухананың құрылысына көмектесіпті. Туған жерінде спорт кешенін тұрғызыпты» деген әңгімелерді жиі естиміз. Ал, ауылына барып тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсеткен дәрігер туралы естідіңіз бе? Біз естідік, көзбен көрдік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Ол бағдарламаның негізгі мақсаты – әрбір азаматты өзінің туған жеріне көмектесуге шақыру. Осы бағдарлама аясында білікті маман, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Бәтеш Айтбайұлы жерлестеріне, яғни Ордабасы ауданы Жеңіс ауылының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіп қайтты. «Биыл мектеп бітіргенімізге 40 жыл толып отыр. 40 жылдық мерейтой аясында жерлестерімізді қуантып, осындай сауапты іске барғанды жөн санадық» дейді дәрігер. Аталмыш шара, сондай-ақ, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні» аясында ұйымдастырылды.

Бәтеш Айтбайұлы бастаған «Сымбат-Нұр» медициналық ұжымының дәрігерлік тобы шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарын медициналық тексерістен өткізді. Атап айтсақ, жоғары білімді гинеколог, невролог, кардиолог, хирург, көз дәрігері, терапевт, лор, уролог мамандар жеңістіктерге бір күнін арнады.
— Бір күн ішінде 625 адамды тексерістен өткіздік. Оның ішінде 100-і УЗИ аппаратынан, 50-і кардиоаппараттан өтсе, тағы 50 адамның көзінің қан қысымы тексерілді. 70 адам толықтай лабораториялық тексерістен өтті. Барлық аппараттар мен жабдықтарды өзімізбен бірге алып бардық. Есептеп қарасақ бір күннің ішінде тұрғындарға құны 5 миллион теңге тұратын емдеу шараларын ұсыныппыз. Бұл сауапты істі туған жерімнің алдындағы перзенттік борышым деп санаймын, – дейді Бәтеш Айтбайұлы.

Одан бөлек 40 жылдық мерейтой аясында өз қалтасынан ауыл мешітіне 200 мың теңге беріпті. Ал, сыныптастары өңірімізге белгілі «Өтемісовтер» отбасылық ансамблін алдырып, жерлестеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
— Осындай үлгі боларлық шараның біздің ауылда болып жатқанына өте қуаныштымыз. Денсаулығымызды тексеру үшін аудан орталығына, қала берді Шымкентке сандалатынбыз. Күн ұзақ кезекте тұрып, дәрігерге кіре алмай кеткен күндеріміз де болды. Ал, бүгін Бәтеш Айтбайұлының ұжымы Жеңіс ауылының халқына үлкен қуаныш сыйлап отыр, – дейді жергілікті тұрғын, ауыл ақсақалы Арапбай Мұсаев.
Батеш Айтбайұлы бұл игі шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.

Ерболат АЙНАБЕКОВ

«ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» газеті.

208 рет оқылды
  • 12
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *