Ж.Түймебаев: Мақтааралдың тарихы өте бай

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейіұлы Түймебаев Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, ауданның 90 жылдық мерейтойына қатысты. Қараша айының 16, 17 және 18 жұлдызы күндері өткен мерейтойда ғылыми, мәдени, ұлттық-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.   Ең алдымен өңір басшысы «Ақ алтын» мәдениет үйінде өткен ауданның 90 жылдық мерекесінің ашылу салтанатына қатысып, еңбекқор мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін арнады.

«Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Аңызға бергісіз әңгімелері мен оқиғалары да сан алуан. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен. Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру» — деді Ж.Қансейітұлы.

Мұнан соң облыс әкімі Мырзакент кентінің орталық алаңында өтіп жатқан күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасына аялдады. Биыл мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылы болатын. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналды. Алдын ала жүргізілген есеп бойынша әр гектардың өнімділігі 21,4 центнерге жоспарланған еді. Алайда, аудан диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында бұл көрсеткіш 25 центнерді құрап отыр. Мақташыларымыздың бұл жетістігі ауданның 90 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды.

 

44 рет оқылды
  • 1
    Поделиться

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *