ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен кешеден бастап ел аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдай жарияланды.

Төтенше жағдай уақытында коронавирусты инфекцияның алдын алу бойынша мемлекет тарапынан берілетін ұсыныстарды басшылыққа алып, бұлжытпай орындауды ұсынамыз.

Ал қаламыздың жұмыс берушілеріне осы орын алған жағдайда әлеуметтік жауапкершілікті білдіріп, жұмыскерлердің жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша шараларды қолдануды сұраймыз.

Өз кезегінде қолданыстағы еңбек заңнамасында мұндай жағдайларда жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған, соның ішінде толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу, қашықтықтан жұмыс жасау, басқа жұмысқа уақытша ауыстыру және т.б. Толығырақ тоқтап өтетін болсақ:

Толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу

Егер жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Еңбек Кодексінің 70 бабына сәйкес, толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы, жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту, күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын бір мезгілде азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі.

Бұл жерде, жұмысшыларға атқарылған жұмысы бойынша ғана жалақысы төленеді. Мысалы, норма бойынша 8 сағаттық жұмыс уақыты болып, оның 4 сағатын жұмыс істейтін болса тек 4 сағаттық жұмыс істегені үшін жалақысы төленеді.

Қашықтықтан жұмыс істеу

Тараптардың келісімі бойынша (жұмыс берушінің актісіне, келісімге өзгеріс енгізумен бірге) және өндірістік процесстер мүмкіндік берген жағдайда, жұмыс беруші қашықтықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін, яғни Еңбек Кодексінің 138 бабына сәйкес бұл жұмыс беруші орналасқан жерден тыс, жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тәртібіндегі жұмыс атқару.

Қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады және жалақы жұмыс атқарған уақытқа төленеді.

Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа ауыстыру

Жұмыс беруші Еңбек кодексінің 42 бабына сәйкес жұмыскерлерді жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бос тұрып қалу жағдайында жұмыс берушінің жұмыскерді денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.

Бұл жағдайда жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу орындалған жұмыс бойынша жүргізіледі.

Бос тұрып қалу уақытын ресімдеу

Жоғарыда аталған үш жағдайды қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда кейбір кәсіпорындар өздерінің жұмыстарын тоқтатуға мәжбір болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, Еңбек Кодексінің 112 бабына сәйкес жұмыс беруші бос тұрып қалу уақытын ресімдеуге құқылы және ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалмаған болса жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде белгіленеді. Қазіргі кезде ол 42500 теңгені құрайды.

Ақылы еңбек демалысы туралы

Еңбек Кодексінің 22 бабы 1 тармағының 7) тармақшасына сәйкес жұмыскер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын алуға құқылы, ал 23 бабының 2 тармағының 16) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге міндетті. Осы жағдайда, Біз жұмыс берушілерімізден баласына қарауға мәжбүр болған жұмысшыларымызға жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беруді сұранамыз.

Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша

Барлық медициналық мекемелерде немесе үйде оқшауланғанына қарамастан, барлық карантинге алынған қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілетіндігін ерекше атап өткен жөн.

Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес айына 15 АЕК-тен аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.

Бұл, ұсыныстарымыз Заңнамада қарастырылған кепілдіктер шеңберінде беріліп отырған ұсыныс екендігін назарларыңызға жеткізе отырып, жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыскерлерге көтеріңкі әлеуметтік жағдай жасау мақсатында тараптар келіс сөздер жүргізу арқылы еңбек, ұжымдық шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, іске асыруға мүмкіндіктері барын айтқымыз келеді.

Толық ақпаратты Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасынан алуыңызға болады.

8 (7252) 27-38-35, 27-38-44
Мемлекеттік еңбек инспекторларының байланыс номері:
Шарипов Ғ.Ж. ​8702-604-01-29
Алиманов С.Б.​ 8702-895-40-80
Мамадалиев А.Ө.​ 8778-377-93-90
Дүйсенбаев Н.Қ. ​8778-713-33-89

 

Шымкент қаласы еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы

Бауыржан Қалжанов