ҚЫЗҒАЛДАҚ – ОҢТҮСТІК БРЭНДІ

Бұлай деуге толық негіз бар.

Кең байтақ қазақ даласында көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлінің біздің жерімізде 32 түрі кездеседі. Оның 11-сі тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстанның «Қызғалдақтың отаны» аталуы. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Оған себеп, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 13 түрі «Қызыл кітапқа» енген. Ал оңтүстікте сол «Қызыл кітапқа» енген қыз­ғал­дақтың 6 түрі кездеседі. Олар: Альберт, Борщов, Грейг, Кауф­ман, Королькоф және Ле­манн деп аталады. Бұл гүлдер жылына бір-ақ рет бүршік жарады. Айта кетейік, аталған қыз­­­­ғалдақтардың басым бөлігі Түлкібас ауданында ғана өседі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, бүгін аймақ басшысы Ж.Түймебаевтың бастамасымен «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті.

Қаратау мен Алатаудың арасында болған жиын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара, жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында өткізілді.

5 мыңнан аса адам қатысқан шара, «Текті төрім — Түлкібасым» театрландырылған — хореографиялық қойылыммен басталып, көрермендерге арналған концерттік бағдарламамен ұласты. «Шұрайлым — Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, облыс әкімінің қолынан мақтау грамоталарын алды.

Шұбайқызыл деп аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетін ең әдемі қызғалдақ, тек біздің өңірде өседі. Бүгін аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.

 

Өңір басшысы Ж.Түймебаев бұл қызғалдақтардың Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездесетінін атап өтті.

«Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр», — деді әкім.

Ресми мәлімет бойынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірімізге 270 мыңнан аса турист келген. Олар тұмса табиғаттан бөлек, тарихи, архитектуралық және археологиялық ескерткіштерге деген ерекше қызығушылығы барын байқатқан.

 

1 025 рет оқылды
  • 27
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *