ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАРУА КӨКӨНІС ЕГІП, КӨПТІҢ КӨҢІЛІН ТАПҚАН

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Алатау ауылдық округінің Қайнар елді мекенінің тұрғыны Амангельдиева Нұржамал 15 соттық үй іргелік жеріне голландиялық қияр егіп, отбасылық кәсіппен айналысып отыр. Бұл жұмыспен айналысып жүргеніне 8 жылдан астам уақыт болыпты.

Мамырдың басында егіп, маусым айының 15 нен бастап алғашқы өнімдерін алады. Биыл 25 тонна қияр терген. Қыркүйек айының өзінде күніне 70-80 кг теріп үлгерген. Базарға шығармай осындағы 6-7 ауыл үйден алып кетеді екен.

Тапсырыспен де банка жауып, бүгінде 800 банка сатқан. Онымен қоса Н.Амангелдиеваның бақшасында итмұрын, сарымсақ, қызанақ, баклажан, алма, асқабақ, т.б көкөністер мен жемістер өседі. Сонымен қатар осы жылы тәжірибе ретінде түсті қырыққабат егіп көріп, келесі жылы да өз уақытысында егуді жоспарлап отыр.

«Төңіректегі жас келіншектерге үйреттім. Өзім ұрық алып келгенде оларға да егуге беремін. Барлығы үйреніп қалды. Басқа да қыз-келіншектер үйде отырмай осындай шаруалармен айналысса деймін. Бізде уақыт тапшы болса да жұмыстың арасында осындай істерді жасап отырмыз» дейді. Айта кетейік, Алатау ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен көктемде қайта егу жұмыстары басталған кезде округтегі қыз келіншектерді жинап семинар-тренинг ұйымдастыруды жоспарлауда.