Түркістан: Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналды

Түркістан облысы Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналды. Өнімділік гектарынан 25 центнерден түсті. Десек те, ауданда мақта теру науқаны әлі де жалғасуда. Жетісайлық шаруалар енді бірер күнде бірінші терім жұмыстарын толығымен аяқтайды. Бүгін бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов мәлім етті.
Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 48226 гектарға мақта дәні себілген. Болжам бойынша әр гектардан 24,6 центнерден өнім алу күтілген болатын. Ал биылғы гектар түсімі 25 центнерге жетіп отыр. Мақта түсімділігі жағынан Ж. Ералиев ауыл округі оқ бойы озық шықты. Мұндағы шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім алса, 26.8 центнерлік түсім көрсеткішімен Жаңаауыл ауыл округі келеді. Ал Ынтымақ ауыл округінің мақташылары 26,5 центнерлік өнімділік көрсеткішін көрсетіп отыр.
Биыл аудан бойынша мақтадан ең көп өнім алған Қарақай ауыл округінің мақташылары болды. Қазірдің өзінде мұндағы шаруалар 14 мың 198 тонна, Жылысу ауыл округі 13 мың 783 тонна, Атамекен ауыл округі 13502 тонна ақалтын жинап үлгерген.
Ақ алтыннан жақсы нәтиже көрсеткен қожалықтардың қатарында Мақталы ауыл округі Алмалы ауылындағы «З-Асаната» фермерлік қожалығы да бар. Аталған қожалық биыл 160 гектарға мақта дақылын сеуіп, 400 тоннадай ақ алтын алуды жоспарлап отыр. Қожалық мақтаның әр гектарынан 30 центнерге дейін өнім жинауда. Қазірдің өзінде қожалық өзіне тиесілі 100 гектар мақта алқабын теріп біткен.
«Қожалығымызда техника жеткілікті. 1 «Джондир» комбайнымыз тәулігіне 30 гектарға жуық жердің мақтасын теруге қауқарлы. Бұдан бөлек, бір мақта қабылдау бекетіміз бен 5 тракторымыз бар. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», — дейді қожалық төрағасы Оспан Асанов.
«З-Асаната» фермерлік қожалығы «Джондир» комбайнын ауданға алғаш әкелгендердің бірі. Бұл ретте олар мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы құны 150 млн теңгеге техника сатып алыпты. Қазіргі таңда заманауи техникалардың тиімділігін көріп отыр.

 

27 рет оқылды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *