ТҮРКІСТАН: ПӘН ОЛИМПИАДАСЫНДА ҮЗДІКТЕР ІРІКТЕЛДІ

Түркістанда республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен білім сайысына 1003 оқушы қатысты.

Жалпы, республикалық пән олимпиадасының бірінші мектепішілік кезеңіне облыстағы 804 мектептен 46710 оқушы, аудандық кезеңінде 740 мектептен 26640 оқушы қатысқан болатын. Олардың арасынан шешуші үшінші кезеңге 398 мектептен 1003 оқушы іріктеліп алынды. Бұл үздіктердің 653-і ауылдық, 350-і қалалық мектеп оқушылары.
Олимпиада нәтижесінде І орынды — 45 оқушы, ІІ орынды – 86 оқушы, ІІІ орынды 129 оқушы жеңіп алды.
Қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша 25 жүлделі орынды жеңіп алған Кентау қаласының №3 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернаты ең үздік команда атанды. Жетісай ауданының мамандандырылған мектеп-интернаты (20 жүлделі орын) екінші орынға иелік етсе, Кентау қаласындағы мамандандырылған мектеп-интернаты (19 жүлделі орын) үздік үштікті түйіндеді.
Аудан, қалалар бойынша Түркістан қаласы (18 жүлделі орын), Жетісай ауданы (16 жүлделі орын) және Түлкібас ауданының оқушылары (16 жүлделі орын) білімді екендерін аңғартты.
Облыстық кезеңде топ жарған білімді жастар енді республикалық пән олимпиадасына қатысады. Атап айтсақ, пән олимпиадасының республикалық кезеңіне Түркістан облысынан қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 32 оқушы, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 37 оқушы білімдерін сарапқа салады.
Олимпиада аясында оқушылар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасымен танысып, кәсіби бағдар алды.

74 рет оқылды
  • 17
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *