Түркістан: Әкім тұрғындардың мәселесін тыңдады

Түркістан: Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен ауылдық округтердің жағдайын саралап шығу үшін құрылған жұмысшы топ кезекті зерделеу жұмыстарын Киелітас ауылдық округінде жүргізді.

Округтегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, өзекті мәселелерін қарап шыққан топ, Достық елді мекеніндегі №16 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде тұрғындардың қатысуымен округті дамытуға қатысты жиын өткізді.

Жиын басында аудан әкімі Бауыржан Омарбеков Достық елді мекенінің тұрғыны Османова Гульмираның атаулы әлеуметтік көмектен алған қаражатына ашқан шағын кәсібінің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда Г.Османова тігін машинасын, қажетті материалдарын алып, халыққа қызмет көрсетіп қана қоймай 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Округті аралауды жалғастырған аудан әкімі жеке кәсіпкер Абдуллаев Исмайлдың отырғызған 2,5 га бау және 0,76 гектар жүзімдігін, Көшенов Аманжолдың мал бордақылау алаңшасын көрді. Бүгінде 15 бас жылқы, 10 бас МІҚ асырап отырған жеке кәспкер мұнымен тоқтамай «Бизнес Бастау» жобасына қатысуға ниет білдірді.

Кәсіпкерлердің игі істерімен танысып шыққан аудан басшысы ауыл тұрғындарының қатысуымен аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары зерделеу жұмыстарының нәтижесін тыңдады.

Баяндамашылардың мәліметі бойынша Киелітас ауылдық округінде жалпы 100 кәсіпкерлік нысан анықталған. Оның ішінде 5 нысанның жері мақсатына сай емес, ал 25-де кассалық аппарат жоқ. Бұлардан бөлек 2 кәсіпкерлік нысан жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс атқаруда.
Жалпы округте жаңадан үй тұрғызылып, ескі үйдің құжаттарымен тұрған 13 үй анықталған. Ауылдық округте абаттандыру, көгалдандыру, сенбілік, арықтарды тазалау жұмыстары, егілген ағаштарды күтіп ұстау мәселесі басқа округтерге қарағанда жоғары. Ағаштардың көнімділігі 70% құрап тұр.

Ауылшаруашылық саласы бойынша 1252 үй көкөніс, картоп, басқа да дақылдарды егіп үй іргелік жерлерін тиімді пайдалануда, ал, 719 үй жеміс-жидек ағаштары мен жоңышқа дақылдарын егуде. Осыған байланысты ауылдық округтің тұтыну балансы бойынша өнімнің 4 түрі сыртқа сатылады, 17 түрі сырттан әкелінеді.

Әлеуметік сала мамандары атаулы әлеуметтік көмекті, шартты ақшалай жәрдемақыны алған отбасылардың мекен жайларын аралап, зерделеу жұмыстары барысында заңсыз тағайындалған отбасыларды анықтамаған. Бүгінде шартты ақшалай жәрдемақы алған 167 отбасындағы 147 азамат 1 сәуірден бастап тұрақты жұмысқа орналасқан.

Б.Омарбеков айтылған талдаулардан соң ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірлесе жасауға болатын жұмыстарды атап өтті. Оның ішінде, үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану, арық-атыздарды тазалау, қасбеттерді реттеу, ағаштардың өнуін қадағалау, үйдің техникалық құжаттарын уақытында ретке келтіру сынды мәселелер бар.