Түркістан: Әкім мүмкіндігі шектеулі жанға көше салып берді

Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты «Атақоныс» елді мекенінде жаңадан ашылған көшеге қатысты сол ауылдың тұрғыны, көпбалалы ана – Алтынгүл Итолованың округ әкіміне айтар алғысы шексіз. Өйткені, 2009-жылы Өзбекстаннан көшіп келген батыр ана 10 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі үлкен ұлын ауруханаға арқалап тасып келген. Жолы жоқ, жыңғыл мен сора басқан аймаққа жауын-шашынды күндерді былай қойғанда құрғақ ауа-райының өзінде ешқандай автокөлік, тіпті, жедел жәрдем де кірмейтін болған. Іштей «ДЦП» диагнозымен туылған 21 жасар үлкен ұлы Оразғали ауыра қалса жедел жәрдемге көршілерінің ауласы арқылы арқалап шығатын Алтынгүл Итолова да, жолдасы Баймырза Төреханов та жұмыссыз.

Күнделікті жалдамалы жұмысқа шығып, нәпақы тауып жүрген жан. Баймырза мен Алтынгүлдің Оразғалидан бөлек кәмелет жасына толмаған тағы 5 перзенті бар. 10 жыл бойы көршілерінің аулаларынан өтіп азық-түлік, қыстық көмірін таситын он отбасына арнап округ әкімі Нұрлыбек Бахтияров 300 метрлік жаңа көше ашып, тас төсеп берді. Енді алдағы уақыттарда асфальттап беру жоспарда бар.
«Біздің бұл бастамамызға қолдау білдіріп, қолұшын созған «Север-Юг» ЖШС басшыларына алғысымызды білдіреміз. Өткені, осындай жағдайды айтып, көмек сұрағанымызда сөзге келмей бірден келісті. Техникалары мен мамандарын жіберіп, жаңадан көше ашуымызға қолұшын созды» дейді Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі.
Айта кетейік, округтегі «Әбдіхалық» және «Атақоныс» ауылдарына соңғы жылдары көшіп келген азаматтардың жүріп-тұруларына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жаңадан екі көше ашылып, тас төселген.