ТҮРКІСТАН: КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРЕТІН КЕҢСЕ АШЫЛАДЫ

Алдағы уақытта Түркістан облысында кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылады. Ондағы мақсат- өңіріміздегі шағын және орта бизнеске қолдау білдіру. Бүгін кәсіркерлікке қатысты осы және өзге де өзекті мәселелер «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың Шарнақ ауыл округіндегі жеке кәсіпкер Құдайберген Құдыреттің жиһаз шығаратын цех жұмысшыларымен кездесуінде әңгімеге арқау болды.

Кездесуде сөз алған Бейсен Дәулетұлы ҚР Президентінің Жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі- кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетілгелі отырған қолдауларды тілге тиек етті. Бұл ретте ол тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі атты бағытына нақты тоқталды. Ол сондай-ақ, облысымыздағы 134 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны тіркелгенін алайда салық түсімдерінің төмен деңгейде екенін айтты.

«Мемлекетіміз шағын және орта бизнеске барынша қолдау білдіруде. Өйткені, шағын және орта бизнес өкілдері тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты азайтуға үлес қосады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Осы мақсатта Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгелі отыр. Түркістан өлкесі ежелден-ақ сауда-саттық пен кәсіпке бейім өңір. Мемлекеттік қолдау енді ол мүмкіндігімізді кеңейту керек» деді Бейсен Дәулетұлы.

Түркістан облысында шағын кәсіпкерлік саласы кеңінен қанат жайып келеді. Әсіресе, отандық өнім өндірушілер саны жыл санап артуда. «Құдайберген Құдырет» кәсіпорны солардың бірі. 2003 жылы ашылған кәсіпорында бүгінде 300-ге жуық шарнақтық тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалақылары да жоғары. Бейсен Дәулетұлы кәсіпорынды аралап көріп, ондағы еңбекқор жұмысшыларға шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жеке кәсіп ашқысы келетін ауыл жастарына партия тарапынан қолдау білдіріп, арнайы семинар-кеңестер ұйымдастыруға бастамашы болуға уәде етті.