Түркістан еуразиядағы заман талабына сай шаһарлардың біріне айналады

Түркістан Еуразиядағы заман талабына сай шаһарлардың біріне айналады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен көшпелі баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Айта кетейік, аталмыш баспасөз конференцияға аймақтық БАҚ өкілдері ғана емес алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар да қатысуда.
Бүгінде рухани ордада 700 гектарға жуық аумақта әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысын жүргізу үшін жобалау және зерттеу жұмыстары басталып кетті. Үш бағытта дамыту жоспарына сәйкес, Түркістан қаласының аумағы 25 мың гектарға жеткізіледі.
Халқының саны 2050 жылы 500 мыңға жетеді деген болжаммен осы халықты жұмыспен қамту мақсатында 1380 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта өндіріс орындарын ашу көзделіп отыр.
Жуырда Елбасының Түркістан облысына жасаған ресми сапар барысында естеріңізде болса, еліміздегі ірі компанияларға 16 нысан салып беруді жүктеген болатын. Одан бөлек өзге облыстармен Республикалық маңызы бар қала әкімдіктері де бір-бір нысанның құрылысын жүргізеді. Міне осы, жоспарлар жүзеге асатын болса, Түркістан қаласы жаңа кейіпке енері сөзсіз.
Облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.
Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы кәсіпорын басшылары Елбасының Жолдауындағы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізген. Әкімдік тарапынан облыс аумағындағы 9798 кәсіпорында жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда 88 кәсіпорында жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру келісіліп отыр.
Түркістан облысының негізгі табысты салаларының бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Елбасының ауылшаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде Түркістан облысында биыл өнім көлемінің өсімі 374 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығы 188 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5 пайызға артты. Өсімдік шаруашылығы 184,4 млрд. теңге немесе 102,8 пайызды құрады.
Ағымдағы жылдың 9 айында ет өндірісі, 6,7 пайызға артып, 154,7 мың тоннаны құраған. Шетелге 4600 тонна ет экспортталып, бұл көрсеткіш жөнінен түркістандықтар алғашқы орынға шықты. Сүт өндірісі 3,2 пайызға артып, 555,6 мың тоннаны, жұмыртқа 9,2 пайызға артып, 146,7 млн. дананы құрады.
Түркістандықтар өндірген ауыл шаруашылығы өнімнің үлесі республкиа бойынша 14,1 пайызды құраған.

26 рет оқылды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *